Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ислам және ізгі қоғам жылы аясында ҚМДБ-нің Тұңғыш төрағасы, Бас  мүфтиі болған  Рәтбек қажы Нысынбайұлы хазрет жайлы «Мүфтият, Рәтбек қажы Нысынбайұлының ғибратты сөздері» атты еңбек жарық көрді.

Кітап  авторы дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміровтың айтуынша,  қазақтың сайын даласында туып-өскен дін қайраткерлері мен ғұлама-ғалымдарымызды болашақ үшін насихаттау мақсатында қолға алынып отыр. Кітап көпшілік қауымға арналған. Кітап жуырда мешіт-медресе кітапханаларына үлестіріледі. Және арнайы кездесулер мен кітап танытымы да ұйымдастырылатын болады.

Осы тұста, Рәтбек қажы Нысынбайұлы хазрет туралы айтып өтуді жөн санаймыз.  Рәтбек қажы Нысынбайұлы хазрет 1940 жылы 7-қарашада қазіргі Түркістан облысы, Келес ауданы Қызыләскер ауылында дүниеге келген.         Бала кезінен дін ғылымына ден қойған Рәтбек Нысанбайұлы білім жолындағы алғашқы ізденісін Бұхара қаласындағы «Мир араб» медресесінен бастайды. Алты жүз жылдық тарихы бар атақты білім ордасындағы үздік шәкірттердің бірі атанған ол тоғызжылдық оқу жүйесін жеті жылдың ішінде тәмамдап шығады. Діни ілім алумен қатар, өзін жан-жақты дамытқан Рәтбек Нысанбайұлы сол жылдары Бұхар педогогикалық институтының тарих факультетін қоса оқып шығады. Осылайша, ол 1964 жылы екі бірдей оқу орнынын бітіріп, елге оралады.

Дегенмен, бұл білімінің әлі де аздық етерін ерте түсінген Рәтбек Нысанбайұлы 1969 жылы Ливия университетінің Шариғат және халықаралық заң факультетіне құжат тапсырып, оқуын жалғастырады. 1975 жылы оқуын тәмамдап, «лиценциат» ғылыми дәрежесін алып келген оны Қазақстан мұсылмандарының қазиятының жауапты хатшысы етіп қызметке қабылдайды.

Төрт жылға жуық уақытын сол кездегі Қазақстан қазиы Жақия қажы Бейсенбайұлының қамқорлығында өткізіп, тәжірибе жинақтаған Рәтбек қажы 1979 жылы қазият басшылығына тағайындалады. Өзгенің қолына телмірген қалыпта қазақ даласындағы діннің дамуы кешеуілдей беретінін аңғарған Рәтбек Нысанбайұлы 1989 жылдан бастап Қазақстан мұсылмандарының жеке діни басқармасын құрсам деген аяулы арманын орындауға кіріседі. Кеңестік жүйенің кәрі қайтпаған ол уақытта бұл мәселенің оң шешімін табу қиынның қиыны еді. Дегенмен де, сол кездегі үкіметтің қолдауымен Діни басқарма құруға қажетті құжаттар толтырылып, іс оңға басады.

1975 жылғы деректер бойынша сол уақытта қазақ даласындағы мешіттер саны бар болғаны 25-ке жетсе, Рәтбек қажы Нысанбайұлы мүфти болған 10 жыл ішінде үлкен мешіттерден бастап, ауылдық шағын ғибадатханалар мен әуежай, теміржол бекеттерінде намазханаларды қоса есептегенде, Қазақстандағы құлшылық орындары күрт өсті.

Сондай-ақ, мұсылман мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықты дамыта түскен Рәтбек Нысанбайұлы өзі басқарған мерзім ішінде шетелдіктердің 30-дан астам мешіт салып беруіне мұрындық болады. Діни басқарма жұмысын жолға қойып, ел игілігі жолында ерінбей қызмет еткен Рәтбек қажының діни қызметкерлер даярлаудағы жұмысы да ұшан теңіз. Бас мүфти бастамасымен Алматы қаласында Ислам институты мен 1990 жылы Мерке елдімекенінде медресе ашылып, алғашқы шәкірттерін қабылдай бастаған еді.

Бүгінгі таңда, халықаралық деңгейдегі оқу ордасы болып саналатын –  Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің негізін қалаған. Сондай-ақ, Рәтбек қажы Нысанбайұлының ықпалымен еліміздің 1000-ға тарта білімді жастары шет елдерге шығып, діни білім алып қайтты. Өзінің діни білімдарлығымен қоса, дипломатиялық қабілеті мен көрегендігінің арқасында Рәтбек қажы Нысанбайұлы әлемнің 80-ге жуық мемлекеттерінде арнайы іссапармен болып, президенттерімен кездескен. Олардың арасында Ясир Арафат (Палестина), Айюб Хан (Пәкістан), Хусни Мүбарак (Египет), Муаммар Каддафи (Ливия), Тургут Озал, Сулеймен Демирель (Түркия), Асқар Ақаев (Қырғызстан), Мухаммед Хасан ІІ (Марокко) секілді әлемге әйгілі елбасылар бар.    Рәтбек қажы Нысанбайұлына 1990 жылы Мысыр президенті Хусни Мубарак «Ғылым мен мәдениет саласындағы еңбегі үшін» орденімен марапаттап, өз ілтипатын білдірген.

Рәтбек қажы Нысанбайұлы қазақ жеріндегі өз билігі өзінде болған Діни басқарманы алғаш құрушы ретінде ғана емес, қазақ тіліне қасиетті Құран Кәрімді тәржімалаған алғашқы аудармашы ретінде сақталып қалмақ. Ғалымның қаламынан шыққан тәржіма 1991 жылы 200 мың данамен қазақ даласына таратылған болатын. Жалпы 20-дан астам кітаптың авторы.

1992 жылы Қазақстан мұсылмандарының ІІ құрылтайы өтіп, Рәтбек қажы мүфтилікке бірауыздан қайта сайланады. Жаңа бас мүфтиді құттықтау лебіздерін білдірген 36 мемлекеттен құттықтау хаттар келген.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Парасат» орденімен награтталған. Рәтбек қажы Нысанбайұлы шет елдер мен қоса еліміздің бірнеше университеттердің құрметті профессоры атағы берілген.

 Кітап құтты болсын!

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38