22.03.2023 ж. Шымкент қаласы Тұран ауданы «Қождан ата» мешітінің жамағатына Қазақтың дәстүрлі Наурыз мерекесіне орай және Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Құран әліппесін тәмәмдап, Құранды еркін оқу дәрежесіне жеткен шәкірттерге арнап дастархан жайылды. Хайырлы іс-шара Құран Кәрімді оқуменен басталды.
Шара барысында Рамазан айының қадір-қасиеті, Құранды оқып, оны жаттаудың артықшылықтары жайлы уағыз-насихат айтылды. Құран Кәрімді ережесіне сай толық оқуды үйренген шәкірттер 8 жас пен 67 жас аралығындағы кісілер. Шәкірттер саны 18 кісі, оларға – «Қождан ата» мешітінің найб имамы: Атабай Мұрат Таубайұлы ұстаздық етті. Шәкірттерге – «Қождан ата» мешітінің бас имамы: Тұраппай Ақтөре сый-сияпатқа Құран Кәріммен қоса Қари болғым келеді кітабын және сертификат табыстады.
Барлық келген жамағат пен шәкірттер дастарханға жайғасып, Наурыз көже ұсынылып, ыстық тағам таратылды. Мешіт жамағаттары мен шәкірттердің көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беріліп, соңы дұғамен аяқталды.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі