Бүгін Шымкент қаласы  әкімдігінің ақпарпаттық-коммуникациялық орталығында қасиетті Рамазан айына қатысты БАҚ өкілдеріне брифинг ұйымдастырылды.

Брифинг жұмысына Шымкент  қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахманов пен найб имамы әрі баспасөз қызметінің жетекшісі Мұхамеджан Естеміров қатысып,  Рамазан айының  талаптары  мен ережелері түсіндірілді.

         Биыл Рамазан айы 23 наурызда басталады. Осыған орай, пітір садақа мөлшері 535 теңге болып бекітілді. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықты ҚМБД Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов мәлім етті.

         Биылғы  қаламыздағы  мешіттерде «Рамазан шатыры» жайылып, онда күнделікті ауызашар ұйымдастырылады. Қасиетті айдың құрметінде қаладағы 5 ауданның орталық мешітінде қала әкімдігімен бірлесе ауызашар себетін үлестіру жоспарланып отыр.

         – Өткен жылы 30 мың отбасыға азық-түлік себетін тарату көзделген болатын. Жомарт жандардың қайырлы істерге деген белсенділігінің арқасында 34 мыңға жуық отбасыға Рамазан себеттері үлестірілді. Биыл да осы бағыттағы қайырымдылық жұмыстарын жандандырғалы отырмыз. Халық арасында Рамазан, садақа, зекет туралы көбірек мәлімет алғысы келген жандар үшін биыл  қаланың 6 жерінде «Рамазан Call-Center» қызмет көрсетеді, ол жерде ол жерде 8-708-478-48-72 нөмірі арқылы жамағаттың сұрақтарына жауап беріледі, -деді қаланың бас имамы.

         Биылғы Рамазанның ерекшелігі – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен  қатар келіп жатыр. Мұндай сәйкестік 33 жылда бір келеді екен. ҚМБД Шымкент өкілдігі қасиетті айдың табиғат оянуымен қатар келуіне орай қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруға басымдық беріпті.

         – Рамазанда тек құлшылық қана емес, қоғамға оң әсерін тигізер іс-шараларды қолға алынды. Осы жылы алғаш рет «Табиғатты аяла» іс-шарасы аясында «Рамазанда бір тал ек», жамағатты кітап оқуға баулу мақсатында «Мешітке кітап сыйла» акциясын өткізу жоспарланған. Одан бөлек, Рамазан мейірімділік айы болғандықтан қалада 6 орында қайырымдылық орталығын ашуды көздеп отырмыз. Осы орталық арқылы әлеуметтік жағдайы әлсіз отбасыларға азық-түлік себеттері таратылады,- деді бас имамның орынбасары Мұхамеджан Жамантайұлы.

Брифингке ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтауымен үндеуін  таныстырып, жеткізді.Мұнымен қатар, қайырымдылық шаралар,  ауызашар өткізу жәйі, тарауих оқу мәселелері т.б. сұрақтарға жауап берілді.

         Брифингке жергілікті «Айғақ», «Оңтүстік», «Отырар», «Нар тв» телеарналары мен газет, журналдардың тілшілері, блогерлері қатысты.

 ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38