Бақдаулет қажы Нұрматұлы Шымкент қаласының бас имамы
Мұсылман жұртшылығы үшін қасиетті төрт ай бар. Сол ұлық айлардың бірі – Ережеп. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 36-аятында: «Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі – құрметті айлар. Міне, осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер», – делінген. Ережеп айының барша мұсылмандар үшін орны бөлек. Алланың айы саналатын Ережеп айында қайырымды істерді атқарып, нәпіл және түнгі құлшылықтарды көптеп жасасақ, сауабының да молырақ болары сөзсіз. Алладан шын кешірім сұрап, тәубесіне келген пенденің дұға-тілектері мен құлшылықтарын қабыл етеді.
Ережеп – ең ұлық ай. Өйткені, бұл – Алланың айы. Оған дәлел Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) бір хадисінде былай келеді: «Ережеп – Алла Тағаланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы». Дін ғұламалары бұл қасиетті айларды былайша жіктеген: «Ережеп – құрмет айы, Шағбан – қызмет айы, Рамазан – нығмет айы» немесе «Ережеп – ғибадат, Шағбан – тақуалық, Рамазан – осы екеуінің жемісін арттыратын ай» немесе «Ережеп – егін салу, Шағбан – суғару, Рамазан – ору», т.б.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтады: «Кімде-кім қасиетті (харам) айларда (Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам және Ережеп) үш-үш күннен ораза ұстаса, амал дәптеріне тоғыз жүз жылдық ғибадаттың сауабы жазылады». Хадисті риуаят еткен Әнәс ибн Мәлик (р.а.) бұл хадис жайлы «Егер осы хадисті Пайғамбарымыздың аузынан естімеген болсам, керең болайын», – деген екен. Пайғамбардың бұл сөзі Ережеп айын құлшылықпен өткізген пендесіне Алланың жақсылығы мол келетіндігін байқатуда.
Осы айда ұстаған нәпіл оразаның сауабының көптігі жайындағы хадисте: «Шындығында, жәннатта бір өзен бар. Оны «Ережеп» деп атайды. Оның суы сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла Тағала ол пендесіне осы өзеннің суын ішкізіп, дәмін татқызады», – делінген. Алла Елшісі (с.а.с.) тағы бір хадисте: «Мені мұқият тыңдаңдар! Ережеп адамдардың ұрыс-керіске араласпай тыныш, бейбіт жүретін Алланың айы болып табылады. Кімде-кім жүрегімен сеніп және шын пейілмен маңыз беріп, Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Ұлы Алланың ризалығына бөленеді», – деп айтқан.
Құрметті көпшілік қауым! Бұл ай Алла Тағаланың айы: Сондықтан да бір- бірімізге көмектесіп, жетім-жесірлерге қайырымдылық жасап, елімізге пайдалы істермен шұғылдануымыз қажет. Өйткені бұл айда жасаған әрбір амалдарымыздың сауабын еселеп жазылады. Баршамыздың жасаған әрбір ғибадат, құлшылықтарымызды қабыл етсін, Алла Тағаланың рахымы, пайғамбарымыздың шапағаты нәсіп болсын, Әмин!