IMG 899

IMG 899

 

 

 

 

 

Жуырда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі намазханаларға қойылатын талаптарды қайта қарап, ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде (үй-жайларда) орындалатын діни іс-шараларға қатысты нұсқаулықтың жаңа редакциясын әзірледі. Осы нұсқаулықтағы басты жаңалық ретінде үй-жайлардың мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерден 300 метрден кем емес қашықтықта орналасуына қойылған бұрынғы тыйымның күшінің жойылғанын айта кеткен жөн. Өйткені, бұл талап бүгінгі елді-мекендердің орналасу ерекшеліктеріне жауап бере алмайды.

IMG 899


Нұсқаулықтың жаңа редакциясында темір жол және автовокзалдарда, әуежайлар мен порттарда, яғни адамдар еріксіз түрде ұзақ уақыт болатын орындарда діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ашуға қойылған тыйым алынып тасталды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бұл шешімін жоғары бағалайды әрі еліміздегі мұсылман жамағаты атынан айрықша алғыс білдіреді. Сонымен қатар, діндар азаматтардың қоғамдық орындарда емін-еркін құлшылық етуіне мүмкіндік туғызатын бұл қадам дер кезінде қабылданған шешім деп санайды. Өйткені, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жер-жердегі мұсылман жамағаты тарапынан намазханаларды қайта ашу туралы өтініш-тілектер келіп түскен.
Аллаға шүкір, халықтың сенім бостандығын қамтамасыз етіп келе жатқан мемлекетіміз діндар қауымның сұранысы мен өтінішін басты назарға алып, барша ұлтты бірлік пен игілікке үндеген саясаттың зайырлы қағидаттарын ескеріп, намазханалардың қайта ашылуына мүмкіндік туғызып отыр. Бұл – мемлекеттің діндар қауымға жасаған зор жақсылығы, үлкен қамқорлығы.
Алла Тағала елімізге амандық, жерімізге тыныштық, халқымызға береке нәсіп еткей! Ел қамында, дін қамында жүрген азаматтарға Жаратушы Иеміз жар болғай! Әмин!

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38