Уақыт! Қандай да бір нәрсенің болмасын, белгілі бір уақытпен санасып, нақтылы бір өлшемдермен белгіленетіні белгілі. Адам баласының, күллі жаратылыстың азды-көпті ғұмырлары уақыт деген ұғыммен тығыз байланысты.
Уақыт – емші. Адамзаттың мейлі ол ашу-ыза, өкпе-наз болсын, мейлі қуанышты сәттері болсын, уақыт өте келе бәсеңдей түсетіндігі анық. «Уақыт – емші» деген сөздің мағынасы сол.
Дінімізде уақыт мәселесіне ерекше мән берілген десек артық айтқандық емес. Дін мәселелеріне көз жүгірткенде көптеген нәрсенің уақытпен тығыз байланыстылығын аңғарасың.
Шын мәнінде, уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Өйткені уақытты біз қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыттың өлшемі – Ұлы Жаратушының қалау еркіндегі мәселе.
Сонымен қатар адамның ғұмыры да (бұл өмірдегі өмір сүру уақыты) Алла тағаланың қолында. Алла тағала адам өмірін қаласа ұзартады, қаласа қысқартады.
Қасиетті Құранда:
﴿وَلِكُلِّ أُمَّةٍ أَجَلٌ فَإِذَا جَاء أَجَلُهُمْ لاَ يَسْتَأْخِرُونَ سَاعَةً وَلاَ يَسْتَقْدِمُونَ﴾
«Әрбір үмметтің ажалы (белгіленген уақыты) бар. Олар оны бір мезет кешіктіре де, ілгерілете де алмайды»,[1] – дейді. Бұдан біздің бұл дүниеде белгілі бір уақытқа бағынатындығымыз, оны қандай да бір жолдармен өзгерте алмайтындығымыз, оған қауқарсыздығымыз айқын көрінеді. Уақыт – Ұлы Алла тағаланың еркіндегі мәселе. Адам баласы өзіне берілген қысқа ғана уақытты тиімді пайдалана білуі қажет.
Уақыт -адам баласынан бұрын жаратылған құбылыс. Бұған дәлел Құранның:
﴿هَلْ أَتَى عَلَى الْإِنسَانِ حِينٌ مِّنَ الدَّهْرِ لَمْ يَكُن شَيْئًا مَّذْكُورًا﴾
«Адам баласының басынан ол еш нәрсе болмай тұрған уақыт өтпеп пе еді?!»[2] – деген аяты. Бұл аят адам баласы жаралмай тұрған бір кезеңнің болғандығын көрсетеді.
Біздің саналы ғұмырымызда уақыт өзіндік өлшемдерге ие бола отырып, белгілі бір бөліктерге бөлініп, айшықталған. Ғасыр, жыл, ай, күн, сағат, минут, секунд – осының нақты айғағы. Қасиетті Құранда уақыт ұғымына қатысты يَوْمٌ (күн),أُسْبُوعٌ (апта),شَهْرٌ (ай),سَنَةٌ (жыл),عَصْرٌ(ғасыр),سَاعَةٌ (сағат),نَهَارٌ (күндіз),لَيْلٌ(түн) сөздері кездеседі.
Адам баласына сынақ ретінде берілген уақытты бос және пайдасыз істермен өткізбеуіміз керек. Керісінше оны тиімді пайдалану – мұсылманның басты міндеті болып табылады. Сөзі мен ісі қабысқан шынайы мұсылманның пайдасыз істерден аулақ жүретіндігі анық. Бұл жөнінде Құран Кәрімде:
﴿وَالَّذِينَ هُمْ عَنِ اللَّغْوِ مُعْرِضُونَ﴾
«Олар бос және пайдасыз істерден аулақ жүреді»,[3]– делінген. Осы сүре арқылы Алла тағала мұсылман адамды өзі үшін де, қоғам үшін де пайдалы істермен айналысуға шақырады.
Шындығында да, Ислам дінінде бос уақыт ұғымын кездестіре алмайсың. Қасиетті Құранда мұсылманға бос уақытқа орын қалдырмау, Аллаға ұдайы құлшылық жасау туралы көптеп айтылған. Құранның «Шарх» сүресінің 7-8 аяттарында:
﴿فَإِذَا فَرَغْتَ فَانصَبْ وَإِلَى رَبِّكَ فَارْغَبْ﴾
«Босағаныңда дереу қайта жұмысқа кіріс. Раббыңа құлшылық жаса», -делінген.
Көп жағдайларда біз жалқаулыққа бой алдырып, өзімізге нәсіп болатын жақсылықтардан құр алақан қалып жатамыз. Жұмыс істеу арқылы өзімізге деген игіліктерді жан-жақты түрде арттыра алатындығымызды түсінбейміз.
Алла тағалаға үздіксіз құлшылық ету, адал жолмен жұмыс істеу, отбасыңды асырау арқылы уақытты тиімді пайдалану қажет. Бұл үшін бізге Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың өмірі үлгі-өнеге.
Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмір жолына үңілсек, оның өз уақытын өте тиімді пайдаланғанын көреміз. Өйткені, ол барлық істеріне үлгеріп отырған.Күнделікті тұрмыс-тіршіліктерін былай қойғанда, намаздағы парыздары мен сүннеттерін үзбестен, нәпіл құлшылықтарын да көптеп орындап отырды. Бұған қоса, үмметі үшін ертелі-кеш жасаған дұғалары, мешітте уағыз айтуы, сахабаларымен кеңесуі, өзіне келушілерге уақыт бөлуі, өзінің зиярат етіп барған кісілері (науқастар, қабірлер, т.б.), халықпен жүздесуі, ел ішіндегі діни рәсімдерді атқаруы (балаға ат қою, сүндеттеу, неке қию, жаназа оқу, т.б.), барлығы да оның ғұмырлық жоспарларына сыйып отырған. Оның тарапынан бұл істердің барлығына да уақыт табылған. Бұл Ұлы Пайғамбардың күнделікті жұмыстарын қаншалықты жүйелей білгенін, уақытты қаншалықты тиімді пайдалана алғанын көрсетеді.
Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) күндізгі уақыттарды ғана емес, түнгі мезгілдерді де мүмкіндігінше пайдалы өткізуге тырысқандығы белгілі.Себебі, Құранда:
﴿وَمِنَ اللَّيْلِ فَاسْجُدْ لَهُ وَسَبِّحْهُ لَيْلًا طَوِيلًا﴾
«Раббыңның есімін ертелі-кеш зікір ет. Түнде сәждеге жығыл. Жаратушы Иеңді (ұзақ) пәкте»[4], -деп бұйырылғандықтан, түнде тұрып таһажжуд намазын оқуды ол тұрақты әдетке айналдырған.
«Мүззәммил» сүресінің алғашқы он аяты да түнгі уақытты жүйелеуді меңзесе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) түнгі уақытын үшке бөлген: отбасына, демалуға және құлшылыққа. Ең көп хадис риуаят еткен Әбу Һұрайра да түнді үшке бөліп, бір бөлігінде дем алған, екінші бөлігінде ғибадат жасаған, үшінші бөлігінде жинақтаған ілімін қорытқан. Сондай-ақ, ол күндіз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) естіген хадистерін түнге қарай асықпай отырып зерделейтін еді.
Бір күннің бес уақытқа бөлінуі де күнделікті тәулікті жүйелеп, ұтымды пайдалану үшін берілген үлкен мүмкіндік деп білген жөн. Яғни, ең алдымен күнделікті атқаратын тірліктеріңді жобалап, жоспарлап, пысықтап алған дұрыс. Сосын ғана барып іске кірісу керек.
Ең алғашқы кезекте Алла тағалаға құлшылық уақыттары ескерілуі тиіс. Намаздарды уақытынан кешіктірместен оқыған абзал. Бұл – мүмін үшін ең басты қажеттіліктердің бірі.
«Ең ізгі амал қандай?», – деп сұраған кісіге Пайғамбарымыз (с.ғ.с):«Уақыты кірісімен оқылған намаз» деп жауап берген екен. Бұл Ислам дінінде құлшылықты орындауда уақыттың басты негіз етіп алынатынын аңғартады. Уақыт кірмейінше, намаз оқылмайды. Уақытында үлгермесе қазасы өтеледі, т.с.с. Уақтылы оқылған намаз бен уақыты өтеліп барып оқылған намаз сауаптарының айырмашылықтары өте жоғары.
Белгілі бір іспен айналысу – адам баласы үшін аса қажетті дүние болмақ. «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын», – деп Абай атамыз айтпақшы, адамның бос отыруы –лағынеттелген шайтан үшін таптырмайтын мүмкіндік болып табылады. Шайтан лағынет: «Өмірің әлі алда, уақытың болса жеткілікті, еш асықпа», -деп күніне құлағыңызға неше келіп сыбырлап, түрлі ойлар салумен, іске аспас армандармен алдандырады, азғырады.Күнәға итермелейді. Ал шайтанның мақсаты белгілі – Алла тағаланың пенделерін азғырып, өзі мәңгілік қалатын тозақтағы қатарластарын көбейте түсу. Сондықтан баршамыз мұндай азғырудан сақ болуымыз керек.
Жалпы, мұсылманның өмірінде бос уақытқа орын қалмауы тиіс. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз:«Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы тігін тікен тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды», – деген. Негізінде жұмысы көп адамның жамандықты жасамақ тұрмақ, ойлауға да мұршасының келмесі анық.
Байқаған жан Исламда ұзақ уақыт демалыс жариялаудың кездеспейтіндігін аңғарады. Тіпті мейрамдардың өзі де санаулы ғана. Мереке күндері де бос қарап жату жоқ. Таң атысымен мешітке барып, айт намазын оқиды. Мұндай күндері айттау, құрбандық шалып, етін тарату, туған-туыс, көрші-қолаңның хал-жағдайын білу, мерекемен құттықтау істері, т.б.жүзеге асырылады. Біле білгенге бұлардың қай-қайсысы болмасын, үлкен сауапты істерге жатады.
Шын мәнінде, ақыретке сенетін, ертеңгі күні осы дүниедегі әрбір күнге, әрбір сағатқа, әр минутке есеп беру уайымы мұсылман баласын бей-жай қалдырмасы анық. Ардақты Пайғамбарымыз r:«Мына дүние амал уақыты, есеп уақыты емес, ал о дүние есеп уақыты, амал уақыты емес», – десе,тағы бір хадисінде:«Өмірін қалай өткізгені, ілімін қайда жұмсағаны, мал-мүлкін қайдан тауып, қай жаққа салғаны және тәнін қалай қолданғаны жайлы пенде жауапқа тартылмайынша қиямет күні аяғын аттап баспайды»[5], –дейді.
Хазіреті Әли (р.а) өзінің бір сөзінде: «Уақыт – қылыш. Егер сен оны шаппайтын болсаң, ол сені шабады», – деген екен. Демек, кейбір адамдардың «уақытымды қайтіп өткізерімді білмеймін» деуі қауіпті жағдайларға алып келуі мүмкін. Өйткені, зерттеу нәтижелерінің көрсетуінше әсіресе жастар арасында түрлі бұзақы топтарға қосылу, ерсі қылықтарға үйір болу, жат ағымдардың шырмауында кету, қылмыс жасау, моралдық азғындау мәселелері адамның не істерін білмей, бос жүрген кездерінде көптеп кездеседі екен. Ұзақ мерзімді жазғы демалыс кездерінде, жастар мен жасөспірімдердің бос уақыттарында оларға үлкендер тарапынан қадағалау күшейтілмесе айтарлықтай зардап әкелуі мүмкін екенін ескерген жөн.
Түрлі жамандықтардан сақтанудың жолдары ретінде мұсылман адамға кітап оқып, білімін арттыру, аят, хадис, дұға жаттау, ата-ананың алдындағы міндеттерін орындау, туыстарын зиярат ету, жетім-жесір, кедей-кембағалдарға көмектесу, жақсылық жасау, мамандығын жақсы игеру, намаздарының қазалары мен қарыздарын өтеу, араз адамдардың арасын татуластыру, т.б. мәнді әрі пайдалы істерге жұмсау ұсынылуы керек. Өйткені, өмір − шектеулі, уақыт − қысқа.
Алла елшісі (с.ғ.с) бұл турасында: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: өлмей тұрып өмірдің, ауырмай тұрып денсаулықтың, қартаймай тұрып жастықтың, кедейленбей тұрып байлықтың, көп жұмысқа тап болмай тұрып бос уақыттың қадірін біл!», –деген (Әбу Нуаймнан).
Ибни Ақил ешқандай бос уақыт жібермейтін. Тыныққан уақыттарын ол былай деп суреттейді: «Қолым қалт етіп демалған кездерімде мен аяқты созып құры жатқаннан гөрі терең ойға беріліп, ойша шешілетін біраз мәселелерді шешумен айналысам. Жазатындай бірдеңе есіме түсе қалса, дереу тұрам да жазам. Сексен жасымда ғылымға деген менің ынтам жиырма жасымдағы кезіме қарағанда әлдеқайда жоғары болатын»… Айтқанындай, осыншалықты ынтасының арқасында ол ғылымның 20 шақты әр түрлі саласында өте құнды еңбектер қалдырды.
Медицина саласында өте мықты еңбектер қалдырған, қан айналымын тұңғыш рет ойлап тапқан ғалым Ибну Нәфс жазу кезінде қолындағы қаламның сиясы бітіп қалғанда, оны ашып уақыт шығындамау үшін қасына бірнеше қалам қойып, солардың кез-келгенімен жалғастыра беретін.
Ибнул Жаузи: «Адамға жарасатын нәрсе – уақыттың қадірін біліп, оның әр сәтін ұтымды пайдалана білу. Мен адамдардың уақыттарын сұмдық өлтіретіндіктерін байқадым. Ондай адамдарды батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отырған жолаушыларға ұқсатам», – дейді. Оның өміріне көз жібергенімізде, расында да, уақытты өте үнемді пайдаланғанын байқаймыз. Ол бүкіл ғұмырын ғылым-білім, жазу, пәтуамен өткізген. Ғылымның түрлі саласында еңбек жазып қалдырған. Кейбіреуі 20 томға жететін 340-тан астам еңбек қалдырған. Күн сайын төрт қалың дәптерлік жазу жазған. Бір жылда жазғаны 50-60 томға жеткенін байқауға болады. Ибнул Жаузидің кітап жазу кезінде ұштаған қалам жаңқалары ол қайтыс болғанда мәйітін жуатын суды ысытуға жеткен екен[6].
Үлкен ілім иесі Хасан Басри: «Уақыт адам баласына: «Ей, адам баласы! Мені қандай амал жасап өткіздің, мен жақсы істеріңнің куәсімін. Кетсем қайта оралмаймын. Ақыретте пайдалы болып оралуым үшін, қалағаныңша ізгі амалдарды жасап қал!»,- дейді десе, ғұлама Маурық әл-Ижли: «Адамзат ақша-қаражаты таусылса уайымдайды, ал уақыты босқа кетіп, өмірі қысқарып жатса, оған еш өкінбейді»,-депті.
Біле білгенге уақыт ол – мүмкіндік. Бұл туралы Ибн Аббастан (р.а) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с):
نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ الصِّحَّةُ وَالْفَرَاغ
«Адам баласы екі нәрсенің қадірін білмейді: мүмкіндік және денсаулық» (Бұхари) деп ескерткен.Ислам ғалымдары Алланың есепке тартатын ең маңызды нығметтер турасында әр түрлі түсіндірген: Ибн Мәсғуд (р.а) бұлардың «қауіпсіздік, денсаулық және бос уақыт» екендігін айтқан. Муауия бин Курра (рахматуллаһи аләйһи) де: «Қиямет күні ең ауыр есеп – бос уақыттың есебі»[7] деген. Адам мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып қалмаса «қолын мезгілінен кеш сермейтіні» анық.
Абай атамыз өз өлеңінде уақыттың қайта айналып келмейтіндігін, сыртылдаған сағаттың уақыттың ұрысы екенін мына өлеңімен тамаша бейнелейді:
Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Үнемі өмір өтпек – ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.
Сағаттың өзі ұры шықылдаған,
Өмірді білдірмеген күнде ұрлаған.
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді кетті,
Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.
Шығыс даналығында «Нағыз рақат – рақатты тәрк етуде» деген сөз бар. Ендеше, бұл дүниенің санаулы ғана уақытын өткінші қызыққа алданып, бекерге өткізбей, Алла алдындағы мұсылмандық парыз, қарыздарымызды өтеуге жұмсайық.
muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан
[1] «Ағраф» сүресі, 34-аят.
[2] «Инсан» сүресі, 1-аят.
[3] «Мүминун» сүресі, 3-аят.
[4] «Инсан» сүресі, 26-аят.
[5] Тирмизи, Қиямет, 1/2416 хадис.
[6] Заман шууру, Сызынты, 12, Ибрахим Рафиқ Б.151.
[7] Бұрсауи, Х, 504.