Бүгін Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітіне ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбектің мешіт жамағаттары және аудан тұрғындарымен ашық есік күні өтті. Өкіл имам Ахметжан қажы Керімбек мырза Тәуелсіз еліміз Қазақстанның жеткен жетістіктері мен алар асуларының көп екендігін айта отырып, ашық есік күнін өткізудің мақсаты- халықтың дін мәселесі бойынша ойы мен ұсыныстарын тыңдау, олардың шешімдерін табу жолдарын қарастыру- деп айтып өтті. Алғаш болып қаралған мәселелер қатарында мектеп жасындағы балалардың киім кию үлгісі жайында болды. Ол бойынша Ахметжан қажы Керімбек: «Мектеп жасындағы балалар- ішкі тәртіпке бағынулары тиіс. Мысалы Сайрам ауданында бұл мәселе қиындау. Себебі ол жерде көптеген ұлт өкілдері тұрады және әрқайсының өз киім үлгілері бар. Алайда заң баршасына бірдей. Біз мұсылмандар- итағатшылдықтың (бағынудың) ең көркем көрінісін көрсете білуіміз керек»- деп ұтымды пікір айтты. Мешіт жамағаты тарапынан шыққан Тілеу қажы: Қыздарымыз мектепке барады. Бекітілген мектеп формасын киеді. Тек айырмашылығы- басында жабылған орамалы ғана. Егер мектеп әкімшілігі қызыңды алып кет десе, не істеуіміз керек?- деген сұрағына: «Әрбір кәмелетке толмаған жастар- мектеп білімін алуы тиіс. Ал оқу орны- білім беруге міндетті. Ешқандай мекеме ұл- қыздарыңызды алып кетіңіздер деп айтуға хақысы жоқ. Алла Тағала ең алғаш Құран аятында: Оқы деп бұйырған. Сондықтан ең әуелі жастар білім алуы шарт. Білімсіздіктің кесірінен қаншама жастарымыз құрдымға кетіп жатыр»- деді. Сонымен қатар, қазақ елі 70 жылдай дінсіздікте болды. Ол дегеніңіз- 3 ұрпақ ауысатындай уақыт. Алайда, егеменді ел болдық, ендеше керегеміз кең болған шақта шүкіршілік етіп, жоғымызға сабырлық танытайық. Ортадан бөлініп, шет жүруге болмайды. ҚМДБ РИДБ-і де мемлекеттен бөлінбейді- деп ел арасында іріткі тудырып жүрген көзі бар көрмейтін, естіп тұрып естімейтін бауырларымызға түсіндірме жұмыстарын жасау керектігін айтты. Ашық есік күні бітерде аудан ақсақалы жиынға қатысушы үлкен- кіші мешіт жамағаттарына батасын берді.
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі