С: Харам аймағындағы ереже бұзушылықтар қандай?
Ж: Харам аймағындағы тыйымдарды бұзу екі түрлі:
1. Харам аймағындағы аңды өлтіру;
2. Харам аймағының ағашын не шөбін жұлу, кесу.
С: Харам аймағында аң өлтірудің жазасы қандай?
Ж: Өлтіргені үшін міскіндерге сол аңның құнына тең садақа таратуы керек, жазасын ораза тұтумен өтей алмайды.
С: Ихрам кимеген екі кісі харам аймағындағы бір аңды өлтірсе не болады?
Ж: Ол екуі бір адамның жазасын өтейді.
С: Өлтірген аң харам аймағында тұратын болса жазасы көбейе ме?
Ж: Жазасы көбеймейді. Сол аңның құнына тең садақа берсе болады.
С: Ихрам киюші немесе ихрам кимеген адам харам аймағының ағашын сындырса немесе шөбін жұлса не болады?
Ж: Егер ешкімнің иелігіне жатпайтын ағаш болса сндсрслған бұтағының құнындай садақа берулері керек.
С: Ал, егер сол ағаш бір кісінің иелігі болса не болады?
Ж: Оның сындырған не жұлған адамға екі құнын төлеуі керек болады. Шариғаттың хағы – харам аймағының тыйымын бұзғаны үшін садақа беріп, иесінің де хағын өтеуі керек. Егер бұл ағаш қурамаған болса, ал егер қураған ағаш болса тек иесіне құнын төлейді. Шариғат үшін ештеңе бермейді.
С: Осы тыйымға жатпайтын өсімдік бар ма?
Ж: Иә, изхир деген шөпті жұлуға болады. Сондай-ақ қураған ағаш пен шөптерді жұлуға, сындыруға болады.
С: Бұл ихрам киюші мен ихрам кимегенге де бірдей үкім бе?
Ж: Иә, бұл үкім екеуіне де ортақ. Өйткені харам аймағының ағашы мен шөбін жұлу, кесуге ихрам жағдайы үшін емес, харам аймағының құрметі үшін тыйым салынған.
С: Ихрам киген екі кісі харам аймағының бір ағашын кессе үкімі не болады?
Ж: Екеуі бір жазаны өтейді.
С: Харам аймағының ағашынан мисуак жасап алуға бола ма?
Ж: Қураған ағаштан жасауға болады.