С: Ақшаның зекетін қалай шығарады?
Ж: Алла Тағала парыз еткен мөлшер – 2,5% пайызын зекет алуға лайықты кісіге парызды өтеу ниетімен немесе парыз мөлшерді шығару ниетімен береді.
С: Парыз мөлшерді шығару ниеті деген не?
Ж: Зекет шығарушының жыл аяғында жылдық табысының қотындысына есеп жүргізіп, зекетін бөлек шығарып қойып, қашан оған зекет алуға лайықты кісі келгенде не жолыққанда беремін деп ниеттенуі. Парызды өтеуге бұл ниет те жарайды. Кедей, міскіндер келгенде сол зекетінен береді.
С: Зекет беретін мөлшерге ие болған адам бір жыл ішінде қосымша мал тапса одан да зекет шығара ма?
Ж: Қосымша түскен пайданы өз ақшасына қосып зекетін шығарады.
С: Жыл өтпей жатып зекетін ертерек берсе бола ма?
Ж: Зекетін жылға толмай тұрып есептеп шығарса болады.
С: Бір кісінің ақшасы зекет мөлшеріне жетіп, тиісті зекетін шығарғаннан соң келесі жылы ақшасы зекет беретін мөлшерден азайып қалса зекет парыз бола ма?
Ж: Мал-мүлкі зекет беру мөлшеріне жыл толмай тұрып жеткен болса зекет беру парыз. Мал-мүлкі жылдың басында және аяғында зекет беру мөлшеріне жетсе жыл ортасында азаюы әсер етпейді.
С: Бір кісінің сауда жасап жүрген тауарлары зекет беретін мөлшерге жетпесе, бірақ алтын, күмісі бар болса зекет бере ме?
Ж: Тауарлары мен алтын-күмісін қоса есептегенде зекет беретін мөлшерге жетсе зекет береді.
С: Бір адамның зекет беретін мөлшерге жетпейтін алтыны мен тағы сондай мөлшердегі күмісі болса зекет бере ме?
Ж:Иә, зекет береді. Алтын мен күмістің бағаларын қосы есептегенде зекет беретін мөлшерге жетсе зекетін шығарады. Бұл Әбу Ханифаның көзқарасы. Ал, Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірінше бұлардың бағалары емес, зекет беретін салмақтары қоса есептелініп шығарылады.
С: Осы жағдайды тарқатып, мысалмен түсіндіруге бола ма?
Ж: Мысалы, бір кісінің жүз дирхем күмісі мен жүз дтирхемге тең бес мысқал алтыны болса, Әбу Ханифаның пікірі бойынша зекет беріледі, ал Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің көзқарастары бойынша берілмейді. Себебі, Әбу Ханифаның пікірі бойынша алтын мен күмістің бағаларын қоса есептегенде ол зекет беретін мөлшерге жетеді. Ал, екі ғалымның пікірлері бойынша зекет берілмейді. Өйткені екеуін қоса есептегенде зекет беретін салмаққа жетпейді.
Ал, егер бір кісіде жүз дирхем күміс пен жүз дирхем күміс салмағына тең болатын он мысқал алтыны болатын болса екі көзқарас бойынша да зекет беріледі. Өйткені екі жолмен есептегенде де жалпы салмағы да, құны да зекет беретін мөлшерге жетеді.