С: Айт намаздарының үкімдері қандай?
Ж: Жұма оқу парыз болған адамдарға уәжіп намаз.
С: Айт намаздарының уақыты қашан?
Ж: Уақыты күн найза бойы көтерілгеннен бастап тас төбеге келгенше. Бірақ Құрбан айт күні айт намазын ертерек оқу мұстахаб. Өйткені бұл күні айт намазынан кейін құрбан шалыну керек. Ал, ораза айт күні айт намазын кешіктіріп оқу мұстахаб.
С: Айт күнгі сүннет амалдар қандай?
Ж: Ораза және Құрбан айт күні ғұсыл алу, мисуакпен тісін тазалау, ең әдемі киімдерін кию, иіссу себіну мұстахаб амалдарға жатады. Сүннет бойынша Ораза айт күні бір не үш түйір құрма немесе тәтті нәрсе жейді. Намазға шығардан бұрын садақа береді. Құрбан айт күні тамақ жеуді айт намазынан кейінге қалдырды. Айт намазынан кейін құрбандық шалып, сонымен ауыз ашады.
С: Айт намазына бара жатқанда тәкбір айтыла ма?
Ж: Құрбан айт күні айт намазына бара жатқанда тәкбір айтылады. Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің көзқарастары бойынша Ораза айты намазына бара жатқанда да тәкбір айтылады. Әбу Ханифаның пікірінше айтылмайды.
С: Айт намазға барудың сүннет бойынша жолы бар ма?
Ж: Айт намазына барарда бір жолмен, қайтарда басқа жолмен қайту мұстахаб іс.
С: Намаз оқитын орынға барғанда айт намазынан бұрын нәпіл оқи ма?
Ж: Айт намазынан бұрын да, кейін де нәпіл намазы оқылмайды.
С: Айт намаз қалай оқылады?
Ж: Имам мен жамағат айт намазын оқу үшін қаланың сыртына шығады. Жамағат сапқа тұрып, имаммен екі рәкәғат намаз оқиды бірінші тәкбір тәхримені жасайды. Сонан соң Сәнә дұғасын оқып, одан кейін үш рет дауыстап тәкбір айтады. Үшеуіне де қолдарын көтереді. Сонан кейін ішіне «Ағузу» мен «Бисмилланы» одан соң Фатиха мен бір сүрені дауыстап оқиды. Әрі қарай бұл рәкәғатты әдеттегі басқа намаздардағыдай етіп орындайды. Сосыг екінші рәкәғатқа тұрып, «Бисмилланы» іштей, Фатиха мен бір сүрені дауыстап оқиды. Оқып болған соң үш рет қолын көтеріп, тәкбір айтады. Бұл үшеуін айтып болған соң қолын көтермей, жәй тәкбір айтып, рукуғқа еңкейеді. Бұл рәкәғатты әдеттегі басқа рәкәғаттардағыдай етіп аяқтайды. Тәшәһһуд оқып, Пайғамбарымызға (с.а.с.) салауат айтып, сәлем береді.
С: Тәкбірлердің арасында қолдарын төмен түсіре ме, әлде кіндіктің астына байлауы керек пе?
Ж: Қосымша тәкбірлерден кейін қолдарын төмен түсіреді. Тек қана бірінші рәкәғаттағы үшінші қосымша тәкбірден кейін қолдарын кіндігінің астына байлайды.
С: Бұл имамның жасайтын амалдары. Ал, оның артында тұрған ұюшылар не істейді?
Ж: Оның артында тұрған ұюшылар оның барлық іс-әрекеттерін қайталайды. Тек «Ағузу» мен «Бисмилланы», имамның қырағатын қайталамайды. Тәкбірлерді дауыстамай іштерінен айтады.
С: Айт намазында хұтпа бар ма?
Ж: иә. Айт намазында хұтпа айту сүннет. Имам мінберге шығып, айттың үкімдері туралы жамағатқа түсіндіреді. Ораза айты болса пітір садақасы туралы айтады. Құрбан айт болса құрбандық шалудың үкімдері мен тәшриқ тәкбірлері туралы айтып өтеді.
С: Айт хұтпасының үкімі не?
Ж: Айт хұтпасы – сүннет. Намаздан соң оқылады.
С: Хұтпаны тыңдаудың үкімі не?
Ж: Айт хұтпасы болсын, жұма хұтпасы болсын тыңдау, тыныш отыру – уәжіп.
С:Айт намазына үлгере алмаса қазасын оқи ма?
Ж: Айт намазының қазасы жоқ.
С: Ораза айт аяқталарда аспанда шәууалдың туған айы көрінбей, тек түстен кейін көрінсе, айт намазын қашан оқиды?
Ж: Айт намазын ертеңіне оқиды.
С: Ертеңіне адамдар үшін намаз оқуға кедергі, үзірлі жағдай туса қашан оқиды?
Ж: Екінші күн өтсе оқылмайды.
С: Құрбан айтының бірінші күні бір үзірлі жағдай орын алса айт намазын қашан оқиды?
Ж: Ертесіне не ертесінен кейінгі күні оқыса болады. Бұл күндерден кейін оқылмайды.
С: Тәшриқ тәкбірлері деген не?
Ж: Тәшриқ тәкбірлері әрбір парыз намазынан соң айтылатын зікір: Аллһу Әкбар! Аллаһу Әкбар! Лә иләһә иллаллаһ уаллаһу Әкбар! Аллаһу Әкбар! Уа лиллаһи хамд!
С: Бұл тәкбір қашан айтылады?
Ж: Арафа күні таң намазынан бастап Құрбан айттың бірінші күнінің екінті намазына дейінгі барлық парыз намаздардан кейін айтылады. Бұл Әбу Ханифаның пікірі. Ал, Әбу Юсуф пен Мұхамедтің пікірі бойынша соңғы тәшриқ күнінің екінті намазына дейін жалғасады. Осы пікір пәтуаға негіз етіп алынған.
С: Бұл тәкбірді жасырын айта ма, әлде дауыстап айта ма?
Ж: Имам мен жамағат дауыстап айтады. Тек әйелдер дауыстап айтпайды.
С: Егер имам тәшриқ тәкбірлерін ұмытып кетсе, ұюшылардың айтуына бола ма?
Ж: Иә. Имам ұмытқанда ұюшылардың айтуына болады.
С: Бұл тәкбірдің үкімі қандай?
Ж: Оның жоғарыда баяндалған күндерде оқылған әрбір парыз намазда бергеннен кейін дереу айтылуы уәжіп.