Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Талдықорған қаласына сапары барысында өңірдегі Ассамблея мүшелерімен кездесті.
Жиында ұлттар татулығы, рухани сабақтастық жайында сөз қозғалды.
–Бүкіл адамзат баласының ұлттар болып, қауымдасып өмір сүруі, бір-бірінен ерекшелеп жаратылуы – Жаратушы Алла Тағаланың даналығы, мейірімі мен нығметі. Сайын даланы мекен еткен түрлі ұлт өкілдері салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін дамытуға ерікті.
Бүгінде Еуразия жүрегінде бейбіт ғұмыр кешіп келе жатқан Қазақстан төрткүл дүниеге бітімгер, арағайын, ымырашыл іргелі ел ретінде танылды. Еліміздің тұрақты даму жүйесінде маңызды тұтқа болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этностарды ортақ мақсатқа жұмылдырған, бүкіл әлемге үлгі болған бірегей идея. Бейбітшілікті ту етіп, мызғымас бірлікті мақсат тұтқан Ассамблея ұлттарды ынтымаққа ұйыстырудың әлемдік тәжірибесіне енуде.
Елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Рухани келісім» күні белгіленіп, осы датаға маңыз беріліп жатқан жайттың да өзіндік айрықша орны бар. Келісімсіз келешек кемел болмайтыны бесенеден белгілі, тарихтан да айқын аңғарамыз. Расында да дәстүрлі діндердің мақсаты – қоғамға адамгершілік құндылықтарын насихаттау, – деді Бас мүфти.
Кездесуге келген Ассамблея мүшелері қазақ жерінде өмір сүріп жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың, дін өкілдерінің рухани келісімде болуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының да ықпалы зор екенін атап өтті.
Жиын соңында Бас мүфти конфессияаралық діни тұрақтылықты сақтауға үлес қосып, мешіт істерінде әрдайым жанашырлық танытып жүрген бірқатар Ассамблея мүшесіне алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыс етті.