С: Парыз намаздан басқа қанша сүннет намаз бар?
Ж:Күнделікті бес парыз намазбен бірге оқылатын он екі рәкәғат бекітілген сүннет намаздары бар. Мүминдердің анасы Айша анамыздан (р.а.) жеткізілген хадис бойынша Пайғамбарымыз(с.а.с.) «Кімде-кім он екі рәкәғат намазды сақтаса, Алла Тағала оған жәннәтта үй салады. Олар: бесіннің алдындағы төрт рәкәғат, кейінгі екі рәкәғат, ақшамнан кейінгі екі рәкәғат, құптаннан кейінгі екі рәкәғат және таң намазының алдындағы екі рәкәғат», – деген. Ал Шурейхтың риуаят етуінше Айша анамыз (р.а.): «Расулалла (с.а.с.) құптанды оқып үйге кіргенде төрт немесе алты рәкәғат намаз оқитын», – деген.
С: Осы намаздардың дәрежелері бірдей ме?
Ж:Иә. Ең дәрежесі биігі таң намазының екі рәкәғат сүннеті. Одан кейінгісі бесіннің алдындағы төрт рәкәғат сүннет. Айша анамыз (р.а):«Пайғамбардың (с.а.с.) өте қатты ұстап, тастамай оқитын қосымша намаз таң намазының екі рәкәғат сүннеті еді», – деген. Сондай-ақ:«Пайғамбар (с.а.с.) бесіннің алдындағы төрт рәкәғат пен таң намазының алдындағы екі рәкәғат намаздарын еш тастамайтын еді», – деген.
С: Жұма намазында сүннет намазы бар ма?
Ж:Иә. Жұма намазының алдында төрт рәкәғат, артында төрт рәкәғат сүннет намаз бар. Бұл Әбу Ханифа бойынша. Ал, Әбу Юсуфте жұмадан кейінгі сүннет алты рәкәғат.
С: Екінті намазының алдында сүннет жоқ па?
Ж:Иә. Алланың елшісі (с.а.с.) екінтінің алдында төрт рәкәғат оқуға ынталандырып: «Екінтіден бұрын төрт рәкәғат оқыған адамға Алла Тағала рахым етсін!», – деген. Әлидің айтуынша (р.а.) Пайғамбарымыз (с.а.с.) екінтіден кейін екі рәкәғат намаз оқитын болған.
С: Құптан намазының алдында сүннет намазы бар ма?
Ж:Құптаннан алдын төрт рәкәғат намаз оқу мұстахаб.
С: Бұл намаздардың үкімі қандай?
Ж:Екінті мен құптаннан бұрынғы төрт рәкәғат намаздар бекітілмеген сүннет.
С: Сүннеттерде белгілі сүннет қырағат бар ма?
Ж:Иә. Тирмизидің риуаят етуі бойынша Абдулла ибн Масғуд (р.а.): «Расулалла (с.а.с.) ақшамнан кейінгі екі рәкәғат пен таң намазының алдындағы екі рәкәғатта көбіне Кәфирун мен Ыхлас сүрелерін оқитын»,– деген. Муслимнің Әбу Һурайрадан риуаят етуі бойынша Пайғамбарымыз (с.а.с.) таң намазының сүннетінде Кәфирун және Ихлас сүреліерін оқыған. Муслимнің ибн Аббастан риуаят етуі бойынша Расулалла (с.а.с.) таң намазының сүннетінің алғашқы рәкәғатында «Қулу әмәннә билләһи уа мә унзила иләйна…» деген аятты (Бақара, 136), ал екінші рәкәғатында «Әмәнна уашһәду биәннә муслимун….» (Әли Имран, 52) аятын оқыған.
Муслимнің тағы да Ибн Аббастан риуаят етуі бойынша Расулалла (с.а.с.) таң намазының сүннетінде «Қулу әмәнна билләһи уа мә унзилә иләйнә…»аятын (Бақара, 136) ал екінші рәкәғатында «Тәъәлау илә кәлиматин сәуә…»(Әли Имран, 64) деген аятты оқыған.
С: Аталып өткен парыз, сүннет намаздарынан өзге намаз түрі бар ма?
Ж:Иә, нәпіл намазы бар. Күндіз-түні қалағанша қосымша намаз оқуға болады. Бұл үлкен артықшылық. Тек мәкруһ уақыттарға дөп келмесе болды.
С: Нәпіл намаздардың оқыса сауабы көп болатын белгілі уақыттары бар ма?
Ж:Иә. Түнгі тәһәжжуд намазының, сәскеде оқылатын дұха намазының, рамазан айының түндерінде, әсіресе, Қадір түні оқылған намаздардың сауабы ерекше. Сондай-ақ, дәрет алған соң мешітке кіргенде, бір істе қиналғанда оқылатын, тәубе қажеттілік, истихара (істің қайырлысын тілеу) жағдайларда оқылатын қосымша намаздар бар.
С: Нәпіл намаздарында қанша рәкәғатта сәлем береді?
Ж:Күндіз оқыса қалауынша екі не төрт рәкәғат қылып оқиды. Одан артық ұзартып оқу мәкруһ. Ал, түнгі нәпіл намаздарында Әбу Ханифаның айтуынша арасын үзбестен сегіз рәкәғат қылып оқуға болады. Одан артық қылып оқу мәкруһ. Әбу Юсуфтың пікірінше түнгі намазда екі рәкәғатта бір сәлем беру керек.
С: Нәпіл намазды оқуға кірісіп, кейін толық бітірмей тоқтаудың үкімі қандай?
Ж:Бұзған нәпіл намаздың қазасын өтеу керек.
С: Төрт рәкәғат намаз оқуға ниет етіп, екі рәкәғат оқып доғарса, қанша қаза болады?
Ж:Қалған екі рәкәғатын қаза етеді. Өйткені алғашқы жұбы тәмамдалады. Әбу Юсуф төрт рәкәғат қылып қайта оқиды деген.
С: Нәпіл намазына тұруға күші жетіп тұрса да отырып оқуға бола ма?
Ж:Болады. Бірақ сауабы аз.
С: Нәпіл намазын тұрып оқып бастап, кейін отырып жалғастыруға бола ма?
Ж:Әбу Ханифаның пікірінше болады. Ал, Мұхаммед пен Әбу Юсуфтің пікірінше үзірсіз болса намазы дұрыс болмайды.
С: Көліктің үстінде нәпіл намазды оқуға бола ма?
Ж:Иә. Көліктің үстінде қалаған тарапына қарап, ишаратпен намаз оқуға болады. Мұның бір шарты – қала ішінде болмау керек.