Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Ислам ғасырлар бойы адамзаттың рухани тірегі болып келеді. Қазақ халқы – Жаратқан Иемізге құлшылығын жазбай, салт-дәстүрін берік ұстанған халық.
Қазіргі уақытта Құрбан айт мейрамы әлемдік деңгейдегі мәртебесі биік мереке ретінде аталып өтеді. Елімізде Құрбан Айт мерекесі жыл сайын бұқаралық сипатта, халықтың белсенді атсалысуымен өткізіліп келеді.
Барлық мұсылман асыға күтетін осы бір қасиетті мейрам күні таң ата еліміздің барлық өңірлеріндегі мешіттерде Құрбан айт намазы оқылады. Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалады.
«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындық» дегенді білдіреді, яғни, Алланың ризашылығы үшін құрбандық шала отырып, мұсылман баласы жаратқан Иесіне жақындап, күнәларының кешірілуіне мүмкіндік алады. Адамның мүмкіндігі жетіп тұрған жағдайда құрбандық шалу міндет болып есептеледі.
Ислам дінінің басты мерекесінің шежіресі сонау ерте заманнан бастау алады. Алланың бұйрығы бойынша Ибраһим Пайғамбар (Оған Алланың сәлемі болсын) өзінің сүйікті ұлы Исмаилды құрбандыққа шалуы керек болды. Әкесі мен баласы Жаратушының бұйрығына қарсы келмей, бағынды. Сынақтан сүрінбей өткен әкесі мен баласының тақуалығына, адалдығына Алла риза болып, Өз құзырынан ерекше сый – құрбандық орнына көктен қошқар түсіреді. Демек, Құрбан Айт күні исі қазақ баласының сауап жасауға талпынуының түп негізі – Аллаға деген құлшылық, жақындық, сондай-ақ, баланың ата-анаға деген құрметі, жақсылығы. Содан бері игі дәстүр жалғасын табуда.
Негізі Құрбан айт мейрамын тойлауды Айт намазын оқудан бастаған жөн. Себебі, Айт намазын оқу әрбір мұсылманға уәжіп (міндет). Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ
«(Әй, Мұхаммед!) Раббыңның (разылығы) үшін, намаз оқып, құрбандық шал!» («Әл-Кәусар сүресі, 2-аят) – деп, әмір еткен.
Бұл жөнінде әл-Бәрә ибн Азиб риуаят еткен хадисте:
عن البراء بن عازب رضيَ اللّهُ عنهما : إِنَّ أَوَّلَ مَا نَبْدَأُ بِهِ فِي يَوْمِنَا هَذَا أَنْ نُصَلِّيَ ثُمَّ نَرْجِعَ فَنَنْحَرَ..، رواه البخاري ومسلم
«Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын (үйге) қайтып келіп, құрбанымызды шалу…», – деп, айт күнгі ең маңызды істі баяндаған. Ал намазға дейін жақсылап ғұсыл құйынып (денені толықтай жуу), сонан соң әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына барудың сауапты іс екені исі мұсылманға мәлім.
Құрбан шалу жалпыға бірдей міндет емес. Себебі Ислам діні ондай күштеу мен мәжбүрлеуден мүлдем ада. Олай болса, Құрбан шалу – ең бірінші балиғат жасқа толған, дәулеті асып-тасымаса да негізгі қажеттерден тыс, нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болған мұсылманға міндет (уәжіп). Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе осы құнға тең келетін ақшамен есептеледі. Яғни, 85 грамм алтын сатып алуға қаражаты жететін кісілер ғана құрбан шалуы тиіс. Ендеше тапқаны күнделікті қажеттерінен артылмайтын, сондай-ақ сапарда жүрген кісіге құрбан шалу шарт емес. Және, қадап айтар ең негізгі шарт, Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, құрбандық малы тек қана етін пайдалану үшін емес, ең бастысы ол Құрбандық ғибадаты үшін шалынады.
«Жақсы ниет – жарым ырыс» демекші, әрбір істі бастарда алдымен ниет ету керек, құрбандық шалғанда да ниеттің тазалығы, шынайылығы маңызды. Құрбандық тек Аллаға арналып сойылу керек. Бұған дәлел ретінде көптеген хадистер келтіруге болады. Алла Құран Кәрімде:
قُلْ إِنَّ صَلاتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ * لا شَرِيكَ لَهُ وَبِذَلِكَ أُمِرْتُ وَأَنَا أَوَّلُ الْمُسْلِمِينَ
«(Уа мұхаммед!) Намазым, құрбандығым, тіршілігім және өлімім бүкіл Әлемнің Раббысы – Алла үшін! Оның серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен мұсылмандардың алғашқысымын! – деп айт» деп бұйырады (әл-Әнғам сүресі).
Қасиетті Құранда:
لَن يَنَالَ اللَّهَ لُحُومُهَا وَلا دِمَاؤُهَا وَلَكِن يَنَالُهُ التَّقْوَى مِنكُمْ كَذَلِكَ سَخَّرَهَا لَكُمْ لِتُكَبِّرُوا اللَّهَ عَلَى مَا هَدَاكُمْ وَبَشِّرِ الْمُحْسِنِينَ
«Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық…» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.
Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малы жарайды. Алайда олардың жасына қатысты белгілі бір өлшем бар. Нақты айтсақ, қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр – екі жасар, түйе – бес жасар болуы керек. Бірақ егер алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Ескерте кету керек, елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қаз, үйрек сияқты құстар құрбандыққа жарамайды.
Шалынған құрбан малын үшке бөліп, бір бөлігі туған-туыстарға, екінші бөлігі кедей, мұқтаж жандарға, үшінші бөлігі отбасына қалдырылады. Шалынған малды түгелдей мұқтаж жандарға таратуға да болады.
Ал егер, біреу жағдайы жоқ адамның немесе жақын туысының атынан шалып жатса үлкен сауапқа кенелетіні анық. Марқұм болған кісілерге сауабын бағыштап құрбан шалса, артынан міндетті түрде сауабы жетеді.
Шариғатта құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Құрбанды осы уақыттың ішінде шалу – міндет. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбан шалудың уақытын жоғарыдағы аталған әл-Бәрә ибн Азибтен жеткен хадистің жалғасында:
عن البراء بن عازب رضيَ اللّهُ عنهما : إِنَّ أَوَّلَ مَا نَبْدَأُ بِهِ فِي يَوْمِنَا هَذَا أَنْ نُصَلِّيَ ثُمَّ نَرْجِعَ فَنَنْحَرَ ، َمَنْ فَعَلَ ذَلِكَ فَقَدْ أَصَابَ سُنَّتَنَا ، وَمَنْ ذَبَحَ قَبْلَ أَنْ يُصَلِّيَ فَإِنَّمَا هُوَ لَحْمٌ عَجَّلَهُ لأَهْلِهِ ، لَيْسَ مِنْ النُّسُكِ فِي شَيْءٍ . رواه البخاري ومسلم
«Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Ол құрбандыққа жатпайды», – делінген. Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.
Тағы да бір ескеретін жайт, құрбандық шалған адамға құрбандық малының терісін қолдануына рұқсат етілмейді. Тіпті ақшасын садақа етуді көздесе де оны сатуға болмайды. Сондай-ақ, теріні қасаптың қолақысы ретінде де беруіне жол жоқ.
Құрбан малының терісі тек қана мұқтаж жандарға садақа ретінде берілуі тиіс. Ол жөнінде хазіреті Әли:
عَنْ عَلِيٍّ رضي الله عنه قَالَ : أَمَرَنِي رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنْ أَقُومَ عَلَى بُدْنِهِ وَأَنْ أَتَصَدَّقَ بِلَحْمِهَا وَجُلُودِهَا وَأَجِلَّتِهَا وَأَنْ لَا أُعْطِيَ الْجَزَّارَ مِنْهَا
«Алланың Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) … бізге терісі мен бас бауларын садақа етіп беруді, оны қасаптың қолақысына бемеуді бұйырды», – деген
Көпшіліктен «Құрбандықты ақшалай берсек құрбандық сауабы жазылады ма?» деген сауал қойылып жатады. Құрбандықты сатып алуға арналған қаражатты садақа ету құрбандық шалудың сауабына жеткізбейді. Құрбандық – мал сойып, қан шығару арқылы орындалатын құлшылық. Өйткені, Алла Тағала Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Әй, Мұхаммед!) Раббыңның (разылығы) үшін, намаз оқып, құрбандық шал!» («Әл-Кәусар сүресі, 2-аят) – деп бұйырған. Аяттағы «Уанхар» деген сөз түйе бауыздауды білдіреді. Яғни, Жаратушының разылығына жету үшін Айт намазыңды ықыласпен толық оқы да, Құрбандыққа түйе бауызда. Түйені айтқан себебі, арабтарда ең бағалы жануар болғандығы үшін.
Демек, құрбандық шалу құлшылығына тек қана қан шығару арқылы жетеміз. Алайда, құрбандық шалудан тыс, қосымша қайырымдылық шараларын жасау теңдессіз сауапқа кенелтері хақ.
Айт мейрамында ең бірінші ата-анаға жақсылық жасаған жөн. Халқымыз ата-ана мәртебесін жоғары дәрежеге көтереді. Қасиетті Құранда Алла:
وَقَضَى رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُواْ إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلاهُمَا فَلاَ تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلاَ تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلاً كَرِيمًا
«Раббың өзіне ғана ғибадат етулерің мен әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе «түһ» деме! Сондай-ақ, ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле» деп бұйырды (Исра сүресі, 23 аят). Ежелден асыл дініміз бен дәстүрімізді сабақтастыра білген ата-балаларымыздың «ана алдында – құрмет, ата алдында – қызмет», «анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызынан құтыла алмайсың» деген ғибратты сөздерінен ата-анаға құрмет көрсетудің қаншалықты маңызды екенін көреміз.
Құрбан Айт мерекесінің қоғамдық маңызы өте үлкен. Ол туыстық қарым-қатынастарды нығайтып, жақындастырады, мұсылмандардың бір-біріне деген сүйіспеншілік, сыйластық, өзара құрмет сезімдерін арттыруға септігін тигізеді, отбасында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын дәстүрлерді жаңғыртып, өскелең ұрпаққа ұлағатты ғибрат береді. Айт намазынан кейін мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғандарын аралап, «Айт қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бір-бірін құттықтайды. Мереке күндері көтеріңкі көңіл-күйде, мейірбан, кешірімді болуға тырысу керек. Араздасып қалған кісілер болса, қайта табысып, бір-біріне мейлінше кешірімді болғаны жөн. Бұл күні науқас жандардың көңілін сұрау, жетім-жесір, мұқтаж жандарға қол ұшын беру, қолдан келгенше көмектесу өте сауапты іске жатады. Қабірлерді зиярат етіп, өмірден өткендерімізге Құран бағыштау да үлкен сауап. Сондай-ақ, әке-шешемізге, отбасымыздағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарымызға мүмкіндігінше кішігірім болса да сый-сияпат жасап, Құрбан айт мейрамын ерекше өткізгеніміз абзал.
Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Құрбан айт барлық мұсылмандарға құтты болсын!
Ершат Ағыбайұлы ОҢҒАРОВ
ҚМДБ Уағыз-насиғат бөлімінің басшысы
Ғұламалар Кеңесінің хатшысы
PhD докторы