Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық аппарат және облыс имамдарымен онлайн режимде жиналыс өткізді.
Аталған жиынға наиб мүфти Ершат Оңғаров, Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев және ҚМДБ бөлім меңгерушілері қатысты.
Онлайн мәжілісте негізінен сегіз мәселе қаралды. Бас мүфти Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуіне қолдау білдіре келе, сол негізде жұмыстардың атқарылатындығын баса айтты. Оның алғашқысы, қазіргі індеттің өршуіне байланысты карантин талаптарын сақтау.
Осы орайда Бас мүфти бүкіл ел болып 100 рет Құран Хатым дұғасын жасауға шақырған болатын. Сондай-ақ 13 шілде күні Бас мүфтидің тапсырмасы аясында барлық мешітте Құран бағышталып, дұға жасалады.
«Мемлекет басшысы, Бас дәрігер барлығы санитарлық талап пен жай ғана тәртіпті ұстану қажеттігін баса айтуда. Бүгінде бүкіл әлемде 12 миллионнан аса адам осы аурумен күресіп жатыр. Әрбір құлшылық, әр дұғамызда елдің амандығы мен әлем халқының тыныштығын сұрайық. Ең бастысы Үндеу аясында ортақ тәртіпке бағынсақ бұл індетті де еңсереміз. Қазақта «жақсы сөз жарым ырым» деген. Дерт діттеген жеріне жетіп, дүниені дүр сілкіндіріп жатқанда тек жақсылықтың жаршысы болайық. Осынау қиын сәтте қамқор болуға шақырамын. Бұған дейінде айтқанмын өзіңізді адам көп жиналатын орындардан барынша аулақ ұстаңыз. Сонда ғана індеттің алдын аласыз. Осы өтпелі кезеңде ауырып жатқандарға қол ұшын берсек деймін. Менің бастамамның аясында ҚМДБ-ның «Зекет қоры» «Өмірге үміт сыйла» акциясын қолға алды. Осыған барынша қолдау көрсетсек» деді ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік «Өмірге үміт сыйла» акциясы еліміздің барлық аймағында ұйымдастырылмақ. Түскен қаржыға «Зекет» қоры науқастарға желдеткіш құрал (ИВЛ) әперуді жоспарлап отыр. Осы ретте Бас мүфти аталған шараның ауқымды өтуіне облыс имамдарының да күш салуын атап өтті.
Наурызбай қажы Тағанұлы осы жиында онлайн дәрістердің өту барысымен де танысты. Сонымен қатар Діни басқарманың 2020-2021 жылдарға арналған жоспарын тағы бір нақтылады. Оның ішінде ақпараттық жұмыстардың тоқтамауын тілге тиек етті.
Жиын барысында Бас мүфти ҚМДБ-ға қарасты медреселердегі жаңа оқу жылының бағдарламасын қайта қарап, «тасаууф» пәнінің сағатын ұлғайтуды тапсырды.
Бүгінгі жиында карантин жағдайындағы діни рәсімдердің орындалу барысы да сөз болды. Бас мүфти жаназа рәсімдері бұған дейінгі бекітілген ереже шеңберінде атқарылсын деп шегелеп айтты.
«Карантин жағдайына қарамастан қайырымдылық шаралары тоқтамайды. Аймақтардағы мешітке қарасты тігін цехтарын іске қосып, қажетті бетпердемен қамтамасыз етуді имамдарға тапсырамын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бейнеконференция соңы қатысушылардың сауалдарына жауап берумен аяқталды.