Әли әл-Аббаси Араб түбегі мен Меккеге ғашық болған жалғыз еуропалық емес. Ол тіпті қасиетті мекенді аралаған Батыс әлемінің жалғыз өкілі де емес. Дегенмен ол басқалардан бір қасиеті арқылы оқ бойы озық тұрды. Ол тарихта ең алғаш болып Мекке туралы толық сипаттама жасап, оны бүкіл Батыс әлеміне таныстырды.
Әли әл-Аббасидің шын аты – Доминго Франсиско Хорхе Бадия-и-Леблих. 1767 жылы Барселонада туған. Математика, астрономия, медицина, тарих пен минералогия саласын меңгере отырып, энциклопедиялық ілім алған. Одан бөлек оның қызығушылығының бірі араб тілін үйрену болды.
Араб тілі арқылы ол өзіне жаңа әлем ашты. 1801 жылы Париж бен Лондонға жол тартып, екі жылдан соң Испанияға мұсылманша киіммен оралуы соның айғағы еді. 1801 жылы Доминго Бадия-и-Леблих Испания королі IV Карлдың құпия тапсырмасымен, Солтүстік-Батыс Африкаға ғылыми миссияға қатысады. Ол жерде Марокко сұлтаны Мулай Абд ар-Рахман Сүлейменге қарсы шабуыл жасауы керек еді. Алайда Марокко сұлтаны мен оның қоластындағылардың қонақжайлығы мен жылы шырайы Бадия-и-Леблихтің мұсылман болуына себеп болды. Ислам дінін қабылдап, есімін мұсылманша өзгертті, өзін Әли әл-Аббаси деп атады.
Испания королі IV Карл оның құпия тапсырманы орындамай, сенімсіздік жасағаны үшін ақы төлеуден бас тартып, кері қайтуын талап етеді. Алайда Әли әл-Аббаси бұл талапқа көнбей, сол елде қалады. Сөйтіп Марокко сұлтаны оның ең жақын досына айналады. Сұлтан тіпті Әли әл-Аббасиге отбасы құруға кеңес береді, алайда ол «қасиетті Меккеге бармайынша үйленбеймін» деп жауап қайтарады.
1806 жылы Әли әл-Аббаси қажылық жасауға ниет еткен қажылар тобына қосылып, 14 түйе мен 12 жылқы жегіп ұзақ жолға шықты. Жолда көптеген қиындықты бастан өткерді. Мысырдың солтүстік-шығысында орналасқан Суэц каналын жүзіп шыққан кемесі сапардың басында-ақ суға кетіп, Әли әл-Аббаси мен жолдастары құтқару қайығында қалған азық-түлікпен жан сақтады. Қызыл теңіздегі аралдардың біріне дейін қайықпен жүзіп, ары қарай Жидда қаласына жетті. Зул-Қағда айының 12 күні Әли әл-Аббасидің безгек ауруы қозып, денсаулығы күрт нашарлады. Екі күннен соң тәуір болып, ихрам киіп, жолдастарымен бірге Меккеге бет алады.
Әли әл-Аббаси Мекке қақпасына жете бергенде қасындағылардың «Қараңдар, қараңдар, Алланың үйі» деп таңданып жатқанын байқады. Қағбаның сол күнгі көрінісі жүрегіне қатты әсер еткенін ол кейін кітаптарында былай деп баяндады: ««Қажылар Меккеге жаяу баруы керек, бірақ мен ауруыма байланысты түйемен жүріп отырдым. Қалаға кіргеннен кейін монша қабылдадық, мені бүкіл жолдасыммен бірге мешітке ертіп апарды. Дауыстап әртүрлі дұғалар оқыдық, бәріміз бірауыздан оны сөзбе-сөз қайталадық. Әл-дәрменім қалмағандықтан, екі жолдасым мені қолтығымнан демеп жүрді. Алланың үйі қара жамылғымен жабылған және жарық шырақтармен қоршалған екен. Түн де ерекше болып тұрды. Бұл көріністердің бәрі керемет болғаны соншалық, оларды ешқашан жадымнан өшіре алмаймын».
Әли әл-Аббаси Меккеде қалып, жергілікті ақсүйектердің бірінің үйінде қоныстанды. Бірде Мекке билеушісі одан Қағбаны тазалауға көмектесуін өтінді. Меккеге барған еуропалықтардың ішінде тек Әли Аббаси ғана, Қағбаның ішін көріп, құлшылық орнын тазартуға қатысты. Бұл ол үшін ең үлкен құрмет болды. Сол жерде жүріп Қағба туралы керемет фактілерді естіп таңырқайды. Бір жылдың ішінде сексен үш мың адамның қажылық рәсімін өтейтінін естігенде қатты таң қалғанын кітабында да жазған: «Арафат тауында құлшылық жасап тұрып қажылықтың қаншалықты маңызды екендігін түсіндім. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар жиналады, олар әртүрлі ұлттарға жатады және терілерінің түсі әртүрлі. Осында келу үшін бастарынан өткен қауіп-қатер мен кедергілерге қарамастан, олар Жалғыз Аллаға табынуды жалғастыруда. Барлық мұсылмандар өздерін бір отбасының мүшелері санайды. Адам мен оның Раббысының арасында делдал жоқ. Барлығы өз Жаратушысының алдында тең».
Ол Мекке туралы егжей-тегжейлі сипаттап, оны Еуропаға алғаш таныстырған еуропалық болды. Лодовико ди Вартема, Джозеф Бейтс секілді еуропалық саяхатшылар Әли әл-Аббасиден бұрын Меккеде болғанымен, қасиетті қала жайлы үзік-үзік жазбалар ғана қалдырған. Ал Әли әл-Аббаси Мекке жайлы егжей-тегжейлі жазбалар қалдырып қана қоймай, астрономиялық бақылаулар арқылы Меккенің нақты орналасқан жерін анықтап, ең кішкентай бөлшектермен картада Қағбаны көрсеткен. Бұдан бөлек география ғылымын нақты деректермен байытып, астрономиялық бақылау көмегімен Қызыл теңіздегі әртүрлі нүктелердің ендіктерін – Янбо, Жидда және Мәдинаның болжалды ендіктерін және Меккенің ендік кеңістігін белгілеген. Алғаш рет Араб түбегінің ішкі жағында орналасқан нүктенің ендік өлшемін өлшеген. Геология жағынан ол Янбо мен Мәдина арасындағы таулар, тақтатастар, жанартау жыныстарына сипаттама берді. Сонымен қатар, өсімдіктер мен жәндіктер коллекциясын жиды.
Әли әл-Аббаси саяхатшы ретінде көптеген елдерді аралады. 1814 жылы Парижде, 1816 жылы Лондонда саяхаттары жайлы естелік жинағын шығарды. Үндістанға елші болып тағайындалып, Парижден Дамаскқа барып, қажылар керуеніне қосылды. Алайда Меккеге жете алмай, 1818 жылы Сирияның Алеппо қаласында дизентериядан дүние салды. Денесі Иордания астанасы Амман маңына жерленді.
Дайындаған Лаура АЛМАХАНОВА