Шымкент әуежайында қажылық сапарға шығарып салу салтанаты өтті. Шымкентте тұңғыш рет ресми түрде ұйымдастырылған игі шараға ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен Сауд Арабия Карольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Горм Сайд Малхан, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Ұлысбек Сәдібеков, ҚМДБ-ның найб мүфтиі Серікбай қажы Ораз, өкіл имам Ахметжан қажы Керімбек қатысып, азаматтарға сәт сапар тіледі.
Бүгін Шымкент әуежайынан төрт жүзден астам адам алғашқы қажылыққа бара жатыр («Атлас туризм» – 28, «Хикмет травел» – 12, «Әл Маруа» – 197, «Қызмет саяхат» – 40, «Санабил» – 100, «Хидаят нұр» – 20 адам).
Сондай-ақ, Қазақстан азаматтарын қажылыққа халықаралық «Flay Nas» әуе компаниясы тасымалдайтын болды. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы мен Сауд Арабиясы Корольдігінің өкілдері осындай ортақ мәмілеге келді. Мұсылман қауымы үшін Исламның бес парызының бірі – қажылыққа бару болса, осы жылы қасиетті орынға құлшылық етуге елімізден үш мыңнан астам азамат аттанады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет: «Қажылық парызының жауапкершілігі мен марапаты шексіз құлшылық. Шамасы жеткен әрбір мұсылман баласына қажылық ғибадаты парыз болғандықтан, оны орындаушы, ең бірінші, Алланың сый-сияпатына кенеледі. Қажылық ғибадатын ықыласпен орындаған адамның күнәларының кешірілетіні жайлы Пайғамбарымыз (Алланың оған игілі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім қажылық парызын өтеу барысында бос әрі жаман сөзден, сондай-ақ, үлкенді-кішілі күнәлардан бойын аулақ ұстаса, анасынан жаңа туғандай пәк болып қайтады»,– деген.
Мұнымен қатар, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет еліміздің барша азаматтарын Ата Заң күні мерекесімен құттықтап, ізгі ниетін білдірді.
Әуежайдағы салтанатты рәсімде елге танымал әншілер мен ақындар жырдан шашу шашып, ғибратты толғаулар орындалды. Қажылық сапары барысында қажыларға білікті дін қызметкерлері мен дәрігерлер қызмет көрсетеді. Ал наиб мүфти Серікбай қажы Ораз ҚМДБ Қажылық миссиясына төрағалық етеді.
Алла еліміздің азаматтарының қажылық амалдарын қабыл етіп, еліміз тыныш, жұртымыз аман болғай.
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі