Рамазан – барша мұсылмандардың сағына күтетін қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған мүбарак ай. Бұл ай барша адамзат баласына рахметті ала келеді. Осы айда бір айы бойы ораза тұту парыз етілді. Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінсе, тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде кім рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушыларға ораза айында ұстай аламаған күндерін басқа күндері ұстасын » (Бақара сүресі, 183-185 аяттар) делінген.
Рамазан – «өте ыстық, күйдіру, өшіру» деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері кешіріліп, өшіріледі, күйіп кетеді», – деп түсіндіреді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – дейді. Сондықтан Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп айтуымызға толық негіз бар.
Рамазан – айлардың сұлтаны. Бұл айда барша мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық қатынасқа барудан, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерді тоқтатады. Ораза ұстаған адам Құдайға жақын болады. Сабырлық, мейірімділік, қанағатшылдық сияқты қасиеттерге бой ұсынады.

     Оразаның негізгі шарттары:
  • Рамазан айының оразасын тұтуға ниет етіледі; Ниеті: «Ниет еттім қасиетті Рамазан айында ораза тұтуға, Алла Тағала қабыл етсін, Әмин!» делінеді.
  • таң сәресінен күн батқанша оразаны бұзатын нәрселерден сақтану.

Оразаны не бұзбайды?!

  • Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;
  • Ұйқыдан жүніп болып ояну;
  • Әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізуі. Мұндай жағдайларда егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды;
  • Әйеліне қолын тигізбесе де оған қарағанда шәһуәты қозып, бірақ мәни шықпаса;
  • Түнде жүніп болып, ғұсыл алуды сәресі уақытынан кейінге қалдыру;
  • Аузына келген қақырықты жұту;
  • Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;
  • Құлаққа су кіру, бұлық ағу;
  • Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды;
  • Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды;
  • Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды;
  • Қан алдыру немесе сүлік салдыру;
  • Көзге дәрі тамызу;
  • Мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ пастасы ішке кетіп қалса, бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу;
  • Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды, яки, дәріні жұтпау шарт;
  • Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;
  • Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтануы керек.

Оразаны кімдерге ұстамауға рұқсат?

  • жолаушылық; (сапарда ауыз бекітпеуге болады, бірақ басқа күндерде санын толтырып ораза ұстайды).
  • жүктілік пен бала емізу; (егер денсаулығы мен баласына зиян келуден қорықса ораза ұстамай кейін қазасын өтесе болады).
  • ауру-сырқау; (сенімді дәрігер ораза денсаулығына зиян тигізетінін жан-жақты анықтап барып айтса, жазылған соң ұстауға болады).
  • кәрілік; (қартайып оразаны денсаулығы көтермейтін кісілер бір кедейдің таңғы және кешкі асын беріп тойдырады. Оған шамасы келмесе тәубе етеді. Мұны пидия делінеді).
    Әйел кісілерге байланысты тәртіптер:
  • әйел кісіге етеккірден тазарып болмай ораза тұтуына болмайды. Өткен күндерін Рамазан айы өткеннен соң өтеп береді.
  • аяғы ауыр немесе емізулі баласы бар әйел, егер өзіне немесе баласына зиян келер деп қорықса аузын ашуға хақылы. Бірақ кейін мезгілін тауып ұстайды. Олар оразаның орнына аш адамды тойдырудан азат етілген.
    Тарауих намазы
    «Тарауих» сөзі арабтың «тынығу, үзіліс беру» дегенді білдіреді. Тарауих намазы ер мен әйелге бірдей сүннет мүәккада саналады. Тарауих намазы – мүбәрак Рамазан айының маңызды ғибадаттарының бірі. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кім рамазан айында тарауих намазын шын ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»,– деген. Тарауих намазы Рамазан айы бойы құптан намазынан кейін үтір намазынан бұрын оқылады. Тарауих намазы жиырма рәкаттан тұрады, екі рәкаттан он рет ниет жасап оқиды.
    Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқу абзал. Алайда, биылғы «COVID-19» жұқпаны індетіне байланысты төтенше жағдайға ескеріп, тарауих намазын әрбір мұсылман өз шаңырағында отбасымен бірге оқуы абзал болып саналады.
    Құран оқығанның сауабы
    Алла Тағала айтқан: «Рамазан айында жер бетіне Құран түсірілген. Құран Кәрім кітабы адам адамдарға дұрыс жолды көрсету және ақ пен қараны айыру үшін жіберілген. Осы айда Құран оқып, ораза ұстасақ оның сауабы қиямет күні тозақ отынан арашалап шығады. Хадисте: «Ораза мен Құран пендеге қиямет күні араша түседі. Ораза айтады: «Ей, Жаратқан. Мен оны күндіз ішіп-жеуден тиып едім». Сонда Құран айтады: «Ия, Раббым. Мен оны түнде ұйқыдан қалдырып едім. Енді мен оны қорғаймын». Олардың арашасы қабылданады». Жалпы, рамазан айында Құран, хадис кітаптарын оқып жүргеннің сауабы шексіз.
    Рамазан – мырзалық пен мейірбан айы
    Пайғамбарамыз (с.а.с): «Кімде кім оразашыға қамқорлық етіп, ауыз аштырса, сол оразашы алғандай сауапты бұл да алады. Оның сауабынан еш нәрсе де кемімейді» делінген. Бұл айда әр адам өзінің қал жағдайына қарап тұрмысы төмен азаматтарға қол ұшын берсе сауабы мол.
    Ауызашар және сәресін ішу мәселесі
    Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Үш нәрсе пайғамбарлық әдетке жатады. Ол: ауыз ашуды кешіктірмеу, сәресіні кешіктіру және намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою» және «Алла Тағала және оның періштелері сәресі ішкендерге игілік тілейді» және бір хадисте «Сәресіні ішіңіздер! Өйткені сәресіде береке бар», – деген.
    Өздеріңізге белгілі, әлемге дүрбелең салған «COVID-19» жұқпаны індетіне байланысты мейрамханалар мен өзгеде көпшілік орындарда ас беру, ауызашар беру уақытша тоқтатылды. Бұл шара тек үй жағдайында ғана болады. Осы ретте, Діни басқарманың «Жүрек жылуы», «Бізбіргеміз» атты қайырымдылық шараларына өткізуде. Шараға қолдау ретінде қаржылай т.б. үлес қосуға болады. Түскен қаржы мұқтаж отбасыларға таратылады.
    Қадірлі ағайын! Қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай! Рамазан айында жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылып, Алла Тағала елімізге, жерімізге берекесін, мол ризығын жаудырғай! Мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болсын! Алла Тағала «COVID-19» жұқпаны індетінен елімізды аман етсін!

Мұхамеджан Естеміров,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Шымкент қаласының бас имам
орынбасары

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38