Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Карантин жағдайындағы Рамазан» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.
Баспасөз конференциясында бірінші сөз алған Бас мүфти: «ҚМДБ-ға қарасты «Хикмет ТВ» студиясы арқылы 30 күн ораза бойы білікті имамдарымыз бен ұстаздарымыздың қатысуымен «Отыз күнге – отыз уағыз» атты онлайн жоба дәрістері жүргізіледі. Бұл жоба үйден шықпай, маңызды әрі ғибратты тақырыптар төңірегінде білікті дін қызметкерлері мен ғалымдардың насихатын тыңдауға мүмкіндік жасайды», – деді.
Баспасөз конференциясында наиб мүфти Ершат Оңғаров ҚМДБ Төралқа мәжілісінде пітір садақасы мөлшері 370 теңге болып бекітілгенін атап өтті. Сонымен қатар зекет пен пітір садақасын онлайн режимде беруге болатынын жеткізді.
Тікелей көрсетілім «24 Хабар» телеарнасында, Орталық коммуникациялар қызметінің YouTube, Facebook желісіндегі парақшаларында өткізілді.