Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мүфтияттың ақпарат, медиа саласына жауапты қызметкерлерімен кездесті.
Кездесуге ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов, Баспа және аударма бөлімінің меңгерушісі Мұрат Манапұлы, ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы, «Мұнара» газетінің бас редакторы Серікбол Хасан, «Хикмет» телерадиостудиясының редакторы Ерболат Айтбайұлы, журналист Еркін Шәкірұлы т.б. мамандар қатысты.
Бас мүфти жуырда ҚМДБ жанынан Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі ашылғанын, бұл шешім осы саладағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
«Қазір ақпарат саласы жедел дамып, қоғамдық пікір қалыптастыруда. Біз, дін қызметкерлері, замана үрдісінен шет қалмауымыз қажет. Аллаға шүкір, сайтымыз, газет-журналымыз, телерадиостудиямыз бар. Осы медиа ресурстардың әлеуетін барынша тиімді пайдалануымыз керек. Баршаңыз ортақ мақсатқа жұмылып, жақсы жұмыс нәтижесін көрсетіңіздер» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кездесуде ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев Бас мүфтиге ақпарат саласындағы бірқатар бастамалар мен жобалар жайлы баяндады.
Басқосу соңында ақпарат, медиа саласының мамандарына нақты тапсырмалар берілді.