Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Өзбекстан мүфтиі Осмонхан Алимовке інісі Исломхон Алимовтың қазасына байланысты көңіл айтты.
«Ініңіз Исломхон Алимовтың қазасы туралы қаралы хабарды ауыр күйзеліспен қабылдадым. Өзімнің, Ғұламалар Кеңесі және Қазақстан мұсылмандары атынан Сізге, туған-туыстарыңызға қайғыларыңызға ортақтаса отырып, көңіл айтамын. Алла Тағала марқұмды Өз мейіріміне бөлеп, рақымына алғай.
Қазақ-өзбек – бағзы заманнан туыс халық. Біз бір-біріміздің қуанышымыз бен қайғымызды бөлісіп келе жатқан бауырлас елміз. Қазақстандағы мұсылман жамағаты Сіздің отбасыңыздағы қайғылы жағдайға байланысты өзінің дұға-тілектерін жеткізуде. Дін саласында қызмет етіп жатқан қазақстандық әріптес бауырларыңыз, имам-молдалар да дұға-тілекте. Жаратушы Жаббар Иеміз бұл қазаны қайырлы еткей. Сізге, ағайын-жұрт туыстарыңызға Алладан көркем сабыр тілейміз. Бауырыңыз Исломхонның иманы саламат болып, жаны жәннатта болғай. Әмин», – делінген Серікбай қажы Сатыбалдыұлының жолдаған көңіл айту жеделхатында.