Шымкент қаласында үшемді дүниеге әкелген көпбалалы ана Фозила Досметоваға демеушілер көмек көрсетіп, қаланың орталығынан 3 бөлмелі пәтерді жалға алып берді.

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақтыбай Бейсенбаев көпбалалы ананың жағдайына бей-жай қарамай, жергілікті демеуші азаматтарды жұмылдырып, Ф.Досметоваға қамқорлық танытты. Атымтай жомарттардың көмегімен көпбалалы ана Қонаев даңғылы мен Жандосов көшесінің қиылысынан 3 бөлмелі жалдамалы пәтерге орналасатын болды.

Бұған дейін 3 құрсақ көтерген көпбалалы ана 6 баласымен өз қаржысына пәтер жалдап келген.

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров азан шақырып, сәбилерге ат қойды.

Еске салсақ, Фазиланың Бәкір, Әли, Омар есімді үшемдерден бөлек 3 перзенті бар. Үлкені Гүзәл 11 сыныпта, кейінгісі Шадиер 10 сыныпта оқиды. Сондай-ақ 6 жасар Индира есімді қызы бар.

Бұл жанұяға Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлері де қол ұшын бермек. Үшемнің анасы мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларына берілетін тиісті әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етіледі.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38