Қайырымдылық – қайырлы іс. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Шымкенттік жеке кәсіпкер тұрмысы төмен, көмекке зәру 200 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетті. Мұқтаж жандарға азық-түлік таратып, кілем берді. Кейбіріне қаржылай қолдау көрсетті. Еңбектің ебін, кәсіптің көзін тапқан Саухан Аташбекұлы игілікті ісін әлі де жалғастырмақ ниетте.
Тағдырдың тауқыметін әбден татқан Нұржамал Рахымбердиева, жалғыз басты ана. Демікпе ауруына шалдыққан жан бүгінде еңбекке жарамсыз. 5 баланың оқуы мен ас-ауқатына мемлекеттен бөлінетін жәрдемақы әзер жетеді. Осындай қиындықта қол ұшын созып, көмек көрсететін ел ағаларының барына жаратқанға шүкіршілік етеді.
Нұржамал Рахымбердиева –акцияға қатысушы
Тағдырдың қиындығына төзіп жүрген отбасылар қаншама. Олардың жағдайына алаңдап, тұрмысын түзеуге тырысқан Саухан Аташбекұлы күнгейде жомарт жандардың көп екеніне сенеді. Жұрт болып жұмылуға шақырады. Өзгелерге өнеге, кейінгігі ізгі жол көрсеткен кәсіпкер бұл жолы тапқан табысының бір мөлшерін жоққа санады. 2миллион теңгеге азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарын алып, қаржылай көмек көрсетті.
Саухан Аташбекұлы – жеке кәсіпкер
Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Жомарттықпен жан семірткен жек кәсіпкер осылайша игі ісін сауаппен сабақтастырды. Бүгінгі ұрпақ – алдыңғы аға буынға қарап бой түзейді.
Есалы Тәжібаев – Айтбай ата мешітінің бас имамы
Қайырымдылықтың қайыры бар, сауабы мол! Өзгенің ауырын жеңілдетіп, қиналғанда қол ұшын созу – адамдық қасиеттің ұлысы! Мақсат – біреудің біреуден төмен екендігін көрсетіп, жасаған амалынан абырой табу емес.Адамдардың жүрегіне имандылық пен мейірімділік, адамгершіліктің нұрын себу.