ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы, «Halifa al-Nahaian Aqmeshiti» мешітінің бас имамы Бақтыбай қажы Бейсенбаев және Түркістан облысының бас имамы Мұсабек Ақтамберді Нұр-Мүбарак университетінде оқитын шымкенттік, түркістандық (бұрынғы оңтүстікқазақстандық) студенттермен кездесті.
Өкіл имам олардың әрқайсысының жағдайы, оқу барысы, үлгерімімен жекелей танысып, өтініш-тілектерін тыңдап, оларға ҚМДБ-ның Шымкент қаласы өкілдігі тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік қолдаулар, алдағы аманат-міндеттер туралы айтты.
Кездесу еркін форматта, ашық әңгімелесу түрінде, сабаққа қатысты, тұратын орындар жатақхана мәселелері аясында өрбіді. Сондай ақ студенттерге оқу бітірген соң діни қызметке Шымкент қаласына келіңіздер деген ұсыныс айтылды. «Дін қызметі – мамандық емес, ол адамзаттың қажеттілігі. Алайда бүгінгі әлемдік жағдай, қоғамдағы сұраныс дін саласында арнайы білім алып, елге дұрыс нұсқаушы мамандардың қажеттігін талап етуде». Сонымен қатар талаба үшін білім алудың ең тиімді жолдары жайлы да сөз қозғалды.
Осылайша шымкенттік студенттердің басын біріктіріп, ел ішіндегі ахуалмен бөліскен бас имам әлеуметтік қолдау жағын, болашақта оқу ақысына жәрдем беру мәселесін әлі де қарастыратынын жеткізді.