Шымкент қаласы, әл-Фараби ауданына қарасты «Абдулхамид Қаттани» мешітінде бүгінде әйелдер жамағатына тұрақты түрде шариғат сабақтары жүргізілуде. Бір жылдан аса жүргізіліп келе жатқан сабақ барысында көптеген шәкірттер білім алып, Құран оқуды меңгерді. Мешітіміздің бас имамы Абдрахманов Бақдәулет және т.б. найб-имамдар құранға түскен шәкірттерге ыстық ықыласын білдіріп, сертификаттар табыстады. Мешітімізде бір жыл бойында көптеген іс-шаралар өткізілді. Атап айтсақ, былтыр қазан айында мешіт жамағаты бас имам мен ұстаздардың бастамасымен «Сарыағаш» медресе-колледжіне барып, ұстаздар мен шәкірттермен жолығып, сұхбаттасып, сыйлықтар табыстады. Бұл да бір жамағатымыздың шәкірттерінің білімге деген ынтасын арттырды. Және де мешіт жамағаты қарттар үйіне барып, бірқатар уағыз-насихаттар айтып, олардың жабырқаған жүректеріне аз да болсын демеу болып, көңілдерін сергітіп қайтты. Мәуліт мерекесі де үлкен деңгейде атап өтілді. Жаздық лагерде 50-ге жуық шәкірт білім алып, қасиетті құранды оқи алатын дәрежеге жетті.

Жуырда ғана мешіт жамағаты мұсылманның жыл басы саналған –Мухаррам айымен барша жамағатты құттықтап, ас берді.

Қазіргі уақытта мешітте 40-тан аса шәкірт білім алуда. Мешітімізде Құран әліппесі, Құран, тәжуид, иман шарты (ақида), мұсылмандық шарты (ғибадат), сира (Пайғамбар (с.а.с.) өмірбаяны), сахабалар тарихы, араб тілі сабақтары жүргізілуде.

Сіздерді «Абдулхамид Қаттани» мешітіне білім алуға шақырамыз!

«Абдулхамид Қаттани» мешітінің баспасөз қызметі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38