Адамның дұшпаны шайтан

қаралған саны:

Ертеде жүрегін бақытқа қауыштыру үшін елден жырақ жүріп Алла Тағалаға құлшылық жасайтын бір пенде болыпты. Сондай-ақ сол аймақта ауыр дертке шалдыққан бір әйел де бар екен. Әйелдің бауырлары бәлкім аурудан айығуына бір себі тиіп қалар деп оны әлгі құлдың қасына апарып, қалдырып кетіпті.

Бірнеше күн өткенде, әлгі пенде нәпсісін тыя алмай, әйелмен зина күнәсын жасап қояды. Содан жығылғанға жұдырық болып, әйел жүкті болып қалады. Не істерін білмей, әбден абдырап, титығы таусылып отырғанда оған лағынет атқыр шайтан келіп: «Саған бұл қайғыңнан арылудың жолын мен айтайын. Сен бұл әйелді өлтіріп таста. Әйтпесе, бауырлары біліп қойса, сені тірі қалдырмайды», деп «ақыл» береді.

Амалсыз осы «ақылға» тоқтаған құл әйелді өлтіріп, жұрт көзінен таса жерге апарып көміп тастайды.

Ел ішінде сөз  жата ма, көп кешікпей-ақ қылмысы әшкере болып, қолға түседі. Ол жазасын тартуға бара жатқанда, шайтан тағы да келіп:

— «Бұл іске сені итерген мен едім. Енді маған бас иіп сәжде қылсаң, сені бұл бәледен құтқаруға дайынмын» деп шарт қояды.

Сонда лажы құрыған құл шайтанға сәжде етіп, иманынан айрылып, діннен шығады. Сонда оны осыншалықты азғырып жолдан тайдырған шайтан енді: «Есіңде болсын, мен сенен аулақпын. Сен батқан батпаққа сенімен бірге түспеймін. Сенің көрер азабыңа ортақ болар жайым жоқ. Өйткені мен әлемдердің раббы Алладан қорқамын » деп тайқып шығады.

Осылайша адамды әбден аздырып, дінінен бездіріп, өзіне сәжде еткізгенде міз бақпаған шайтан бір-ақ сәтте Алладан қорқатын боп шыға келеді де: «Енді құтылудың жолын ізде, менің саған ешқандай қатысым жоқ» деп шайтандығына басады. Ақыры екеуі де мәңгілік тозаққа тусуге  лайық болды. Өйткені біреуі күнәлі іске бұйырды да, екіншісі сол азғын бұйрықты орындады. Ендеше кімде-кім жамандыққа бұйырса, сол жамандық орындалған соң, өзі де жауапкершіліктен құтыла алмасы хақ. Егер бұл күпірлікке апаратын жамандық болса, оның жазасы мәңгі таусылып бітпейтін ауыр азап болмақ.

Комментарии: