Ағаштың қадір-қасиеті

қаралған саны:

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ағаш отырғызған бір кісінің амал дәптеріне, отырғызған ағашының жемістеріндей сауап жазылады», — деген.

         Алла тағаланың бізге берген шексіз нығметтерінің бірі — ағаш. Ағаш жемісімен, жапырақтарымен, көлеңкесімен және отынымен бізге пайдалы. Ойлап қарасақ, білім алатын бүкіл кітаптар, қағаздар, үйіміздің есігі, терезесі, үстелдер және тақталар, мектеп парталары т.б. көптеген заттар ағаштан жасалады.

         Жаңадан өмірге келген сәбидің бесігі де, өміріміз біткеннен кейін қабірге апаратын табыт та сол ағаштан жасалады. Ағаштардың арқасында табиғат көз тартарлық жап-жасыл. Сол тамаша табиғаттың аясында, ағаштардың көлеңкесінде демаласыз. Ағаштар ауаны тазартып, суықта үйді жылытады.

         Осы ағаштарды қалай пайдалансақ, келешек ұрпағымыз үшін солай қорғауға тиіспіз. Өртеніп кеткен орманды, аяусыз кесіліп, көліктермен жан-жаққа жөнелтіліп жатқан ағаштарды көрген кезде жүрегіңіз ауырады. Адам баласы берілген жақсылықтардың қадірін біліп, шүкір етуі және дұрыс қорғауы тиіс.

         Ағаштың қасиеті туралы ата-бабаларымыздан келе жатқан екі аңыз-өсиет әңгімені айтып беруді  жөн көрдім.

         Ертеде бір патша нөкерлерімен аңға бара жатып, бір ақсақалдың ағаш егіп жатқанын көреді. Патша ақсақалға жақындап келіп сұрайды:

         — Неге сонша қиналып жатырсыз? Бұл ағаш бірнеше жылдан кейін жемісін береді. Оған сіздің ғұмырыңыз жетпейді  ғой,- дегенде  ақсақал:

— Тақсыр, мен өмірімнің жетпейтінін білемін. Бірақ, мен аталарымның еккен ағаштарының жемісін жеген едім. Ертеңгі ұрпақ та менің еккен ағаштарымның жемісін жесін, — деп жауап беріпті. Патша қарияның айтқан жауабына аса риза болып, бір қалта алтын береді.

         Сонда ақсақал:  — Көрдіңіз бе? Менің еккен ағашым казірден жемісін бере бастады, — депті. Патша бұл сөзге де риза болып, тағы да алтын береді.

         — Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс береді, — деген екен ақсақал.

         …  Ертеде Қазан деген батырдың Ораз деген ұлын кәпірлер қолға түсіреді. Оның қол-аяғын байлап, дар түбіне әкеледі. Сонда Ораз: «О, кәпірлер, Тәңірден басқа сенерім жоқ, қасықтай қанымды қиыңдар. Мынау дар ағашымен тілдесуге рұқсат беріңдер», — деді. Сөйтіп ол қу ағашқа қарап, дауыстап сөйлей бастады.

         —  Мәдинаның есігі болған, ағаш!

Құдаймен тілдескенде, Мұсаның асасы болған, ағаш!

Үлкен дарияларға көпір болған, ағаш!

Қара теңізде қайық болған, ағаш!

Хазреті Әлидің дүлдүліне ер болған, ағаш!

Зұлпықарға сап болған, ағаш!

Хасан мен Хусейнге бесік болған, ағаш!

Ерге де, әйелге де қатер болған, ағаш!

Басың қарасам төбең көрінбес, ағаш!

Мені саған асар болса, құлап түс, ағаш!

Құлап түспесең, мен үшін жазаңды тартасың, ағаш!»

Бұдан соң бала:

 -Артымда үйірлі жылқыларым қалды,

Қаны бір жолдас-жорам қалды,

Қолға ұстаған сұңқарым қалды,

Жүйрік аяқтарымнан, мықты қолдарымнан айрылғалы тұрмын,

Бектікке жетпеген аманат басымнан айрылғалы тұрмын,

Жастық шәрбәтінен ішпеген жанымды қия алмай тұрмын, — деді де, еңіреп жылап, жанын жегідей  жеген қайғысын ақтарды…

… Дәл осы кезде құтқарушылар да шауып келіп жеткен еді.

Иә, аталардың бізге аманат еткен ормандарын  қолдан келгенше қорғау қажет. Жаңа жылды желеулетіп, қысы-жазы табиғаттың көркі болған  қаншама жасыл шыршалар  шауып тасталды!

Ендеше айналамыздың көркі болған осынау жасыл байлығымызды қорғауға атсалысайық ағайын!

Комментарии: