Сүннет амалдары – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқан сөздері, істеген амалдары, істеуге рұқсат берген және адамның еркіне қалдырған амалдары.
Адам атадан (а.с.) қияметке дейінгі кез-келген адам (пайғамбарлардан басқа) көз алдында күнә істелініп жатқан болса өз беделін не болмаса сол адамды ренжітіп қоюдан қорқып немесе адамдардың көптігінен қорқып үндемей, жамандықтан қайтара алмауы табиғи жағдай. Тіпті атақты ғалымдардың да көз алдындағы жамандықты тоқтата алмай қалған жайттары да болғандығы жайлы деректер де жоқ емес. Сол үшін адамдардың үнсіз қалған кездерін ризашылық белгісі деп, оларды үлгі ретінде келтіре алмаймыз.
Ал, пайғамбарлар, бүкіл халық бір жақ, жалғыз өздері бір жақ болып қалған кезде де жамандықты көрген жерінде тыйым салып отырған. Әсіресе, Пайғамбарымыз (с.а.у.) көз алдындағы жамандық үлкен болсын, кіші болсын елемей қалдырмаған. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.у.) қандайда бір істі көргенде тыйым салмай үнсіздік танытатын болса, рұқсат етілген деп есептеледі.
Бани Тамим тайпасы кесіреткі жеуді әдетке айналдырған болатын. Халит ибн Уалид (р.а.) ол кісінің алдында кесіреткі жейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жеуге әдеттенбегені үшін жемеген, Халитты (р.а.) да одан тыймаған, сол үшін кесіреткі жеуге болады.
Пайғамбарымыздан (с.а.у.) қалған сүннет амалы шариғат үкімдерін айқындап береді. Мысалы, намаз оқу мұсылмандарға Құранда парыз болды, ал намаздың қанша рәкәт, қалай оқу керектігін Пайғамбарымыз (с.а.у.) көрсеткен.
Алла Тағала Елшісіне бағынуды Өзіне бағыну екенін айтты.
مَّنْ يُطِعِ الرَّسُولَ فَقَدْ أَطَاعَ اللّهَ وَمَن تَوَلَّى فَمَا أَرْسَلْنَاكَ عَلَيْهِمْ حَفِيظاً
«Кім Пайғамбарға бағынса, расында Аллаға бағынған болады. Ал және кім бет бұрса, (Мұхаммед (с.а.у.)) оларға сені аңдушы етіп жібермедік» (Ниса, 80).
Алла Тағала Өзіне деген махабатты Елшісіне еру арқылы дәлелдеуге болатындығын Құранда былай баяндайды:
قُلْ إِن كُنتُمْ تُحِبُّونَ اللّهَ فَاتَّبِعُونِي يُحْبِبْكُمُ اللّهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ وَاللّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ
« (Мұхаммед (с.а.у.)) оларға: Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» де. Және оларға: «Алла әрі Пайғамбарға бой ұсыныңдар» де. Егер олар бет бұрса, сонда Алла қарсы болушыларды сүймейді» (Әлі Ғимран, 31-32).
Яғни, Алланың сүйіспеншілігіне бөленудің жолы – Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әмірлеріне мойынсұну арқылы болмақ. Пайғамбарымызға (с.а.у.) мойынсұну дегеніміз – оның айтқандарын орындау, әрбір істе ол кісідей жол ұстану, еліктеу.
Алла Тағала Құранды баяндауды Пайғамбарымызға (с.а.у.) міндеттеді.
بِالْبَيِّنَاتِ وَالزُّبُرِ وَأَنزَلْنَا إِلَيْكَ الذِّكْرَ لِتُبَيِّنَ لِلنَّاسِ مَا نُزِّلَ إِلَيْهِمْ وَلَعَلَّهُمْ يَتَفَكَّرُونَ
«Мұғжизалармен, Кітаптармен (пайғамбарлар жібердік). Саған да адамдар үшін түсірілгені ашық баян етерсің деп, Құранды түсірдік. Әрине олар түсінер» (Нахыл, 44).
Алдымен Құран – Құран негізінде тәпсірленсе, екінші кезекте хадиспен тәпсірленеді.
Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.а.у.) Құранды түсіндіру нығметін берді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірі Құранның көрінісі болған.
Айша (р.а.) анамыздан Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мінезі туралы сұралғанда: «Оның мінезі – Құран»,- деп жауап айтқан. Яғни, Құрандағы әмірлер мен тыйымдарға өте сақтықпен қарап, өмірінің кез-келген сәтінде онымен амал етуге тырысқан.
Алла Тағала Пайғамбарымыз (с.а.у.) туралы:
لَقَدْ مَنَّ اللّهُ عَلَى الْمُؤمِنِينَ إِذْ بَعَثَ فِيهِمْ رَسُولاً مِّنْ أَنفُسِهِمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آيَاتِهِ وَيُزَكِّيهِمْ وَيُعَلِّمُهُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَإِن كَانُواْ مِن قَبْلُ لَفِي ضَلالٍ مُّبِينٍ
«Расында Алла (Т.) мүминдерге қамқорлық етіп, олардың ішіне өздерінен, оларға Алланың аятын оқитын, оларды тазартатын және оларға Кітап, хикмет үйрететін Елші жіберді. Өйткені, олар бұрын ашық адасуда еді»,– деген аят түсірген (Әли Ғымран, 164).
Ғұламалардың көпшілігі Кітап – Құран, Хикмет – хадис, деп пайымдайды. Яғни бұл жерде Хадис Құранға еріп, оны толықтырып отыр.
هُوَ الَّذِي بَعَثَ فِي الْأُمِّيِّينَ رَسُولاً مِّنْهُمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آيَاتِهِ وَيُزَكِّيهِمْ وَيُعَلِّمُهُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَإِن كَانُوا مِن قَبْلُ لَفِي ضَلَالٍ مُّبِينٍ
«Ол сондай Алла, сауатсыздардың ішіне өздерінен; оларға Алланың аяттарын оқып, оларды тазартатын сондай-ақ оларға; Кітап, даналық үйрететін бір Пайғамбар жіберді. Негізінде олар бұрын ашық адасуда еді» (Жұма, 2).
كَمَا أَرْسَلْنَا فِيكُمْ رَسُولاً مِّنكُمْ يَتْلُو عَلَيْكُمْ آيَاتِنَا وَيُزَكِّيكُمْ وَيُعَلِّمُكُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَيُعَلِّمُكُم مَّا لَمْ تَكُونُواْ تَعْلَمُونَ
«Іштеріңе, өздеріңнен аяттарымды оқитын, сендерді тазартатын және сендерге Құранды әрі үкімдерін үйрететін сондай-ақ бімегендеріңді үйрететін Елші жібергеніміз сияқты…» (Бақара, 151).
وَاذْكُرْنَ مَا يُتْلَى فِي بُيُوتِكُنَّ مِنْ آيَاتِ اللَّهِ وَالْحِكْمَةِ إِنَّ اللَّهَ كَانَ لَطِيفاً خَبِيرا
«Үйлеріңде оқылған Алланың аяттары мен хикметтерін естеріңе алыңдар. Шәксіз Алла өте жұмсақ, толық білуші» (Ахзап, 34).
Құранда хадис – хикмет деп аталған екен, хикмет иелері дегенді хадисшілер деп білу дұрыс болар, яғни, хадисшілер – хадис ілімін үйренушілер.
يُؤتِي الْحِكْمَةَ مَن يَشَاءُ وَمَن يُؤْتَ الْحِكْمَةَ فَقَدْ أُوتِيَ خَيْراً كَثِيراً وَمَا يَذَّكَّرُ إِلاَّ أُوْلُواْ الأَلْبَابِ
«Алла хикметті қалаған құлына береді. Ал кімге білім берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Бұны ақыл иелері ғана түсіне алады» (Бақара, 269).
Кім хадис ілімінің шыңына жетіп, жетік меңгерсе, оның жақсылыққа жеткені.
Сахабалар және оларға ергендер сүннетке ерекше мән бергендіктері соншалық тіпті, Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан, көрсеткен, мақұлдағанынан да артық орындауға әрекеттенетін. Уақыт өте келе хадистердің тек кітаптарда ғана қалып бара жатқаны өкінішті. Дегенмен, Құранда жазылған парыз амалынан, хадисте бұйырылған сүннет амалынан артығы дінде талап етілмеген.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйлеріне үш кісі келіп, ғибадаттары туралы сұрады. Сұрақтарына жауап естігендерінде олардың көзіне орындап жүрген ғибадаттары аз болып көрінді: «Біз ешқашан Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәрежесіне жете алмаймыз. Оған жеткілікті болған ғибадат біз сияқты қарапайым адамдарға аз болады»,- деген қорытындыға келеді. Олардан бірі:
-Мен өмірімнің соңына дейін түні бойы ұйықтамай намаз оқитын боламын,-деді.
– Мен өмірімнің соңына дейін бір күнді тастамай ораза ұстаймын,- деді екіншісі.
-Мен де өмірімнің соңына дейін үйленбей өтемін, әйел адамға мүлдем жақындамаймын,- деді үшіншісі.
Бұл хабар Пайғамбарымызға (с.а.у.) жеткенде ол:
-Мен Алладан барлықтарыңыздан да көбірек қорқамын, барлықтарыңыздан тақуамын. Сондай болғанның өзінде ораза да ұстаймын, ауыз беркітпей де жүремін, Түнде әрі намаз оқимын әрі ұйықтаймын, үйленгенмін де. Осы – менің жолым, кім одан бас тартса, менің үмбетім емес,-деді. Демек, тынбай ораза ұстау, түнімен ұйықтамай ғибадат жасау, үйленбей өзін өмірден шектеп қою – шариғатта жоқ. Дінде талаптарды көбейту, оларды азайтумен бірдей.
فَاسْتَقِمْ كَمَا أُمِرْتَ وَمَن تَابَ مَعَكَ وَلاَ تَطْغَوْاْ إِنَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِير
« (Мұхаммед (с.а.у.)) бұйырылғаныңдай тура бол! Сенімен бірге тәубе еткен кісілер де. Және артық кетпеңдер! Өйткені Алла не істегендеріңді толық көруші» (Һуд, 112).
يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لاَ تَغْلُواْ فِي دِينِكُمْ وَلاَ تَقُولُواْ عَلَى اللّهِ إِلاَّ الْحَقِّ إِنَّمَا الْمَسِيحُ عِيسَى ابْنُ مَرْيَمَ رَسُولُ اللّهِ وَكَلِمَتُهُ أَلْقَاهَا إِلَى مَرْيَمَ وَرُوحٌ مِّنْهُ فَآمِنُواْ بِاللّهِ وَرُسُلِهِ وَلاَ تَقُولُواْ ثَلاَثَةٌ انتَهُواْ خَيْراً لَّكُمْ إِنَّمَا اللّهُ إِلَـهٌ وَاحِدٌ سُبْحَانَهُ أَن يَكُونَ لَهُ وَلَدٌ لَّهُ مَا فِي السَّمَاوَات وَمَا فِي الأَرْضِ وَكَفَى بِاللّهِ وَكِيلاً
«Әй кітап иелері! Діндеріңде артық кетпеңдер. Аллаға байланысты шындықты айтыңдар. Шынайы түрде Мәрям ұлы Мәсіх Ғиса, Алланың елшісі әрі Мәрямға жалғастырған сөзі және Алла тарапынан бір рұх. Ендеше Аллаға және елшілеріне сеніңдер. Әрі (Алланы) «үшеу» демеңдер, (одан) тыйылыңдар…» (Ниса, 171).
قُلْ يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لاَ تَغْلُواْ فِي دِينِكُمْ غَيْرَ الْحَقِّ وَلاَ تَتَّبِعُواْ أَهْوَاء قَوْمٍ قَدْ ضَلُّواْ مِن قَبْلُ وَأَضَلُّواْ كَثِيراً وَضَلُّواْ عَن سَوَاء السَّبِيلِ
« (Мұхаммед (с.а.у.)): «Әй Кітап иелері! Діндеріңде діндеріңде орынсыз шектен шықпаңдар және бұрынғы нақ жолдан адасқан әрі көптерді адастырған сондай-ақ тегіс жолдан азған қауымның әуесіне ілеспеңдер» де» (Мәида, 77).
Аятта кемшілікпен деп емес, артық шегінен шықпаңдар деп нақтылап айтылуының маңызы үлкен. Себебі адам баласы көбінесе кемітудан емес артық кетуден қателеседі.
Ислам – жеңіл, қол жетерлік өте ыңғайлы дін. Қиын әдет-ғұрыптардың араласуы дінді адамдардың көзіне түсініксіз, қиын қылып көрсетіп қойған. Адамдар мәнсіз әдеттермен әуере болып, дін талап еткен шарттарға мән бермегендіктен, шірк амалдардың пайда болуына себеп болады.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) алдына араби кісі келіп сұрады:
-Я Расулаллаһ, Алла Тағала Өзінің Жалғыз, Сіз Оның Елшісі екеніңізді мойындауды бұйырды ма?
-Иә.
– Алла Тағала тәулігіне бес уақыт намаз оқуға бұйырды ма?
-Иә.
– Алла Тағала жылына бір ай ораза ұстауды бұйырды ма?
-Иә.
– Алла Тағала малымыз белгілі мөлшерге жеткенде зекет беруді бұйырда ма?
-Иә.
– Алла Тағала бір рет қажылыққа баруға бұйырды ма?
-Иә.
-Сізді жіберген Алланың атымен ант етемін, осы әмірлерді азайтпаймын да, көбейтпеймін де,- деп шығып кетті. Пайғамбарымыз (с.а.у.):
-Жаннат иелерін көргісі келген адам осы кісіні көріп алсын,-деді.
Ислам – жеңіл дін. Дегенмен, адамдар қаржы талап етпейтін сүннет амалын тастап, уақыт, ақша, күш жұмсап, дінді бұйырылмаған міндеттермен қиындатып, тіпті шіркке өтіп кетеді. Сол үшін де оларға берілетін азап қатты болады. Мысалы үйлену немесе сүндет той жасаған адам арақ-шарап, әншілер мен бишілерді әкеліп қаншама қаржы жұмсап, еркек әйелді аралас билетіп той өткізеді. Адамның өзі де күнәға батып, басқалардың да күнә жасауларына себепші болып қана қоймай, сол адамның жүрегіндегі иманның орнын тәкәппарлық, мақтаншақтық билеп алады.
Ислам дінінің жеңілдігі соншалық, Мұхаммед (с.а.у.) хат танитындай да сауаты жоқ бола тұра, Алланың дінін тез меңгеріп алды.
Кез-келген адам өзін мұсылман санаса да Ислам дінінің әмірлерін орындағанда көптеген мәселелер тосқауыл болып жатады.
Алдымен біз дінді, әсіресе Ислам дінін қаралап, мазақтайтын ортада тәрбиелендік. Сонымен қатар, адамдардың надандықтың кесірінен артық қыламын деп тыртық қылуының нәтижесінде дінімізді қиын, күлкілі, қажетсіз қылып көрсетуімізге басты себебші болып отыр.
وَأَطِيعُواْ اللّهَ وَالرَّسُولَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ
«Әрі Аллаға және Елшісіне бой ұсыныңдар, әлбетте мәрхаметке бөленесіңдер» (Әлі Ғимран, 132).
Құранда Алла және Оның Елшісіне мойынсұныңдар, деген әмірлердің кейбірінде «мойынсұну» сөзі қайталанса, ал кейбірінде қайталанбайды. Мысалы жоғарыдағы аятта «Аллаға және Елшісіне мойынсұныңдар» деп айтылып отыр, «Аллаға мойынсұныңдар және Елшісіне мойынсұныңдар» деп айтылғаны жоқ. Елшінің Аллаға жақындығына ешқандай күмән келтіре алмаймыз. Бұл жайт бізге пайғамбарға бағыну Аллаға бағынумен бірдей екеніне айқын дәлел.
وَمَا يَنطِقُ عَنِ الْهَوَى
إِنْ هُوَ إِلَّا وَحْيٌ يُوحَى
«Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана» (Нәжім, 3-4).
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннетімен амал етпеген адамның үкімі қалай болмақ?
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұйырған амалын істемеген адам күнәһар болады. Керісінше, өзі істеген, сүннет амалдарын толық орындаған адам сауап алады.
لَا تَجْعَلُوا دُعَاء الرَّسُولِ بَيْنَكُمْ كَدُعَاء بَعْضِكُم بَعْضاً قَدْ يَعْلَمُ اللَّهُ الَّذِينَ يَتَسَلَّلُونَ مِنكُمْ لِوَاذاً فَلْيَحْذَرِ الَّذِينَ يُخَالِفُونَ عَنْ أَمْرِهِ أَن تُصِيبَهُمْ فِتْنَةٌ أَوْ يُصِيبَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ
«Пайғамбардың шақыруын өзара бір-біріңді шақыруға ұқсатпаңдар! Рас Алла, сендерден ептеп, далдаланып шығып кететіндеріңді біледі. Сондықтан оның әміріне қарсы келгендер, өздеріне бір апат жетуінен немесе жан түршігерлік азап келуінен сақтансын» (Нұр, 63).
Үлкен азап – қияметтегі азап.Фитна (бүлік) – жүректің теріс жолға талпынуы, дінге қайшы амалдарға құштарлық, күпірге ынталану.
وَمَا آتَاكُمُ الرَّسُولُ فَخُذُوهُ وَمَا نَهَاكُمْ عَنْهُ فَانتَهُوا وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ …
«…Сендерге Пайғамбар не берсе аыңдар да неменеден тыйса тыйылыңдар әрі Алладан қорқыңдар. Сөзсіз Алла, қатты азап иесі» (Хашыр, 7).
قُلْ يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنِّي رَسُولُ اللّهِ إِلَيْكُمْ جَمِيعاً الَّذِي لَهُ مُلْكُ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ لا إِلَـهَ إِلاَّ هُوَ يُحْيِـي وَيُمِيتُ فَآمِنُواْ بِاللّهِ وَرَسُولِهِ النَّبِيِّ الأُمِّيِّ الَّذِي يُؤْمِنُ بِاللّهِ وَكَلِمَاتِهِ وَاتَّبِعُوهُ لَعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ
« (Мұхаммед (с.а.у.)): Әй адам баласы! Мен барлығыңа Алланың елшісімін; Ол сондай Алла, жер мен көктің иелігі Оған тән. Одан басқа тәңір жоқ. Ол тірілтеді де өлтіреді. Аллаға және Алланың сөздеріне сенген, жіберілген сауатсыз Пайғамбарға иман келтіріңдер. Және оған еріңдер, Әрине тура жол табасыңдар» де (Ағраф, 158).
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Хабардар болыңыздар, маған Құран берілді, оған қоса соншама ілім берілді. Өзіне қатты сенгеннен: «Сіздерге Құранның өзі ғана жеткілікті «Құранда халал делінген нәрсені халал, харам дегенді – харам деп айта беріңдер»,- деп ақыл үйрететіндер болуы мүмкін».
Егер Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннетін орындау шарт болмағанда Алла Тағала Құранның қаншама аяттарында бұл жайлы айтпаған болатын еді. Хадистен бет бұрған адам, хадисті мойындауды талап етіп отырған аяттардан бет бұрған болады.
Хайбар соғысы болатын күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірнеше нәрсені харам деп жариялады:
-Сіздердің араларыңызда кейбіреулер мені өтірікші деулері мүмкін. Менің бұйрығымды естіген кезде сіздер мен біздің арамызда Алланың кітабі – Құран бар. Құранда халал деп айтылған бізге халал, харам деп айтылғаны бізге харам, деп Менің амалдарым, бұйрығымды керексіз дегендерге айтарым, Пайғамбардың тыйғаны Алланың тыйым салғанымен бірдей екенін біліп қойыңдар,– деді.
Сахабалар және оларға ерген табииндер сүннет амалына мұқият назар аударды, оған жеңіл-желпі қарағандарға өшпенділік көрсетті.
Абдулла ибн Аббас (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сөздерінен үкім айтқан кезде, кейбір адамдар Абу Бәкір (р.а.), Омардың (р.а.) сөздерінен дәлел келтіріпті. Сонда Абдулла ибн Аббас (р.а.) қатты ашуланып: «Жақын күнде бастарыңызға тас жауады», – деген.
Имр ибн Хасил хадис оқып берсе, жиналғандар Алланың Кітабынан дәлел сұрайды. Сонда ол кісі қатты ашуланып: «Хадистер Алланың кітабының тәпсірі емес пе! Сүннет болмағанда бесін намазының 4 рәкәт, шам намазының 3 рәкәт, құптан намазының 4 рәкәт екенін, зекеттің мөлшерін т.с.с. білмейтін едік»,- деп айтқан.
Абдулла ибн Омар (р.а.) «Алланың мешіттеріне әйелдердің баруына қарсы болмаңдар» деген хадисті оқығанда, ұлдарынан бірі қызғаныштан: «Алланың атымен ант етемін, мен оған қарсы боламын»,- дейді. Сонда Абдулла ибн Омар (р.а.) қатты ызаланып: «Мен саған Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қарсы болмаңдар, деп айтқанын айтсам, сен қалайша қарсы боламын дейсің, сенімен ешқашан сөйлеспеймін, Алла үшін сенімен қастасамын!»,-деп ұрысқан екен.
Абдулла ибн Муғаффал Музани (р.а.) жақын досының біреуді шақыру үшін тас лақтырып тұрғанын көрді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Тас лақтырып шақыруды қойыңдар. Кішкене тас аң ауламайды, дұшпанды жараламайды. Абайсызда біреуге тиіп кетсе тісін сындырады яки көзін шығарады»,- деген сөзін досына ескертті. Біраз уақыттан соң досының сол әдетін қайталап, тас лақтырып тұрғанын көріп: «Саған бұл істен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қайтарғанын ескертсем, сен тағы қайталап тұрсың. Мен сенімен енді ешқашан сөйлеспеймін!»,- деген екен.
Имам Байхақи Айюб Сахтияни: «Егер кісіге сүннеттен айтқаныңда, ол сүннетті қой, бізге Құранның хабарын айт десе, біліп қой, бұл адасқан адам!»
Сүннетті мойындамай, Құранның мағынасын түсінбей, Құранмен өздерін шектеп қойғандар – мүлдем адасқан адамдар, өз сенімдерінде өтірікші болғандар.
بِالْبَيِّنَاتِ وَالزُّبُرِ وَأَنزَلْنَا إِلَيْكَ الذِّكْرَ لِتُبَيِّنَ لِلنَّاسِ مَا نُزِّلَ إِلَيْهِمْ وَلَعَلَّهُمْ يَتَفَكَّرُونَ
«Мұғжизалармен, Кітаптармен (пайғамбарлар жібердік). Саған да адамдар үшін түсірілгені ашық баян етерсің деп, Құранды түсірдік. Әрине олар түсінер» (Нахыл, 44).
Имам Ахмад: «Маған да ерме, Имам Малик, Имам Шафиға да ерме! Біз қай жерден, олар қай жерден алған болса, сен де сол жерден ала бер! Фитна не екенін білесің бе? Фитна бұл – шірк. Егер кімде-кім Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннетіне қарсы болса, шіркке түсуінен қорқсын», деп айтқан.
لَا تَجْعَلُوا دُعَاء الرَّسُولِ بَيْنَكُمْ كَدُعَاء بَعْضِكُم بَعْضاً قَدْ يَعْلَمُ اللَّهُ الَّذِينَ يَتَسَلَّلُونَ مِنكُمْ لِوَاذاً فَلْيَحْذَرِ الَّذِينَ يُخَالِفُونَ عَنْ أَمْرِهِ
أَن تُصِيبَهُمْ فِتْنَةٌ أَوْ يُصِيبَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ
«Пайғамбардың шақыруын өзара бір-біріңді шақыруға ұқсатпаңдар! Рас Алла, сендерден ептеп, далдаланып шығып кететіндеріңді біледі. Сондықтан оның әміріне қарсы келгендер, өздеріне бір апат жетуінен немесе жан түршігерлік азап келуінен сақтансын» (Нұр, 63).
Имам Суюти « مفتاح الجنة في اجتهاد السنة» «Сүннетпен дәлел ұстау – жаннаттың кіліті» кітабында: «Егер кімде-кім Пайғамбарымыздан (с.а.у.) келген хадистің сахих екенін біле тұра мойындамаса, кәпір болып Исламнан шығады. Қиямет күні еврей, христиан немесе Алла қалаған кәпірлермен бір сапта болады».
Сүннетті орындамаудағы басты себеп – тәкәппарлық, алаңғасарлық және де жүрегінде Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген махаббаты өзгелерге деген махаббатынан аз болғандықтан туындайды.
Мұсылманның жүрегіндегі Алла мен Оның Елшісіне деген махаббаттың орнына өзгелерге деген махаббат орын тебер болса, бұл жағдай үлкен қайғы, қасіреттің туындауына себебші болады. Адамдардың сөзіне, ойына ерсі көрінсе де әрбір мұсылман діндегі бұйырылған амалдарды, сүннетті ықыласпен орындай береді. Ал сүннеттің ажарсыз бір түрлі көрінуі – сол адамдардың жүректеріндегі кемшіліктің белгісі.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кім маған бір рет салауат айтса, оған Алланың он салауаты болады».
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бейнесі қиямет күніне дейін Алланың сүйіспеншілігіне бөленем деушілерге таптырмас үлгі.
Сахабалар Пайғамбарымызды (с.а.у.) өте жақсы көріп, құрметтеген. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жаннатта жүргенде, жанында мен болмай қалуым мүмкін, деген ойдың өзінен түрлері өзгеріп кететін. Сахабалардан бірі Пайғамбарымыздан (с.а.у.) былай деп сұрады: «Сіздің дәрежеңіз биік, менің дәрежем төмен. Жаннатта сізбен бірге болмай қалуды ойласам қатты қорқамын»,-дегенде, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім қай тайпаны жақсы көрсе, қиямет күні солармен бірге болады» деді.
Сахабалар Пайғамбарымызды (с.а.у.) өз әкелерінен, перзенттерінен, туған-туыстарынан да артық жақсы көретін. Хубайбты (р.а.) байлап қойып, әр жерінен найза қадап, денесін жаралап қинаса да, дымын шығарғаны жоқ. Бірақ кәпірлер: «Мұхаммедке ерудің нәтижесін көрдің бе?! Қазір қасыңда Мұхаммедтің болуын қалайтын едің бе?-деп сұрағандарында Хубайб айқайлап жіберіп: «Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) аяғына тікен кіргенше, менің өлгенім артық»,- деген екен.