Кейбір кітаптарда: «Мұхаммед (с.ғ.с.) болмағанда, мына әлем жаратылмас еді», – делінген. Мұндай пікір шариғатқа қайшы емес пе? (Оқырман сауалынан.)
Алла тағала адамзатты өзін танып, құдіреті мен шеберлігінің алдында бас иіп, өзіне ғана ғибадат етсін, құлшылық жасасын деп жаратқан. Ендеше, адамның жаратылуындағы негізгі мақсат – Ұлы Жаратқанға құлшылық жасау. Ал енді оның құлшылық жасап, ғибадат етуі үшін ең алдымен Ұлы Жаратқанды тану қажет. Ал әлсіз адам шексіз Алла тағаланы қалай танымақ? Танудың бір ғана жолы бар. Жаратылысқа қарап, Жаратқанды тану, туындыға қарап Ұстасын білу жолы. Міне, сондықтан Алла тағала мына әлемді өзінің шеберлігі мен шексіздігін, құдіреті мен білімін, басқа да кемел сипаттарын танытар көрме іспетті жаратқан.
Алла тағаланың мына әлемді өзінің құдіретін паш ету үшін жаратқандығы жайлы Құранда:
«Алла Тағала жеті қат аспанды және жерден де оның ұқсасын жаратты. Алланың әмірі (мен үкімі) бұлардың арасында түсіп тұрады. (Мұның бәрі) Алла Тағаланың әр нәрсеге құдіретті, әрі білімінің барлық нәрсені қамтығанын білулерің үшін (жаратылды, әрі болуда)»1,– делінген. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз хадисте: «Әрбір нәрседе Алла тағаланың жалғыз екенін білдіретін дәлелдер бар»,– деп мына әлемдегі әрбір жаратылыстың Алла тағаланы танытар жеке-жеке кітап екенін білдірген.
Адам баласы ғалам атты мына ұлы көрмедегі ғажайып жаратылыстарға терең ой жіберіп, міні жоқ сұлу да, көркем туындыларға қарап, олардың Ұлы ұстасын, өзінің ұлы иесін таниды. Ондағы Адам үшін жасалған пайдалар мен хикметтерді көріп, Ұлы Жаратушының рақымдылығы мен мейірімділігін сезініп, жомарттығы мен дархандығын, түгесілмейтін қазынасын түсінеді. Ендеше, мына әлемнің жаратылуы – негізгі мақсат емес, негізгі мақсатқа жеткізер құрал, соған апарар жол. Яғни, адамның жаратылуындағы негізгі мақсат – ғибадат, ал мына әлем сол мақсатқа жеткізер құрал. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Жер бетінде «Алла, Алла» делінген сөз тоқтамайынша, қиямет болмайды», – деуі де мына алып ғаламның адамзаттың Алланы тануы үшін жаратылғандығын білдіреді. Яғни, жер бетінде «Алла» деп Ұлы Иесін танитын иманды пенде жоғалған кезде ғаламның да жаратылу хикметі бітті, қияметтің уақыты жетті деген сөз. Ендеше, осындай мағынада «адам болмағанда, мына әлем жаратылмас еді» делінсе, оған ешкімнің қарсы айтар дауы болмаса керек. Дәл сол секілді адамзаттың ең кемелі, Ұлы Жаратушының ең сүйіктісі, күллі пайғамбарлардың имамы, әрі ақырғысы, бүкіл әлемнің елшісі үшін «Мұхаммед (с.ғ.с.) болмағанда, мына әлем жаратылмас еді» деу де қате емес. Олай дейтініміз – адам баласы Ұлы Құдіретті танып, ғибадат ету үшін жаратылса, сол адам баласының ішіндегі Алла тағаланы ең кемел түрде таныған, әрі ең жоғарғы деңгейде ғибадат жасап, құлшылық атқарған адамның Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар екені ақиқат. Ендеше, негізгі мақсатты ең кемел деңгейде орындаған адам Мұхаммед (с.ғ.с.) болмақ. Ал енді адамдарға жүктелген мақсат пен міндетті толық, әрі кемел деңгейде орындаған адам үшін «Әлем Мұхаммед үшін жаратылды» немесе, «Мұхаммед болмағанда, мына дүние жаратылмас еді» де-лінсе, артық емес, тіпті, орынды айтылған мағыналы сөз болмақ. Ағаш егудің мақсаты – жемісін алу. Ендеше, жеміс үшін ағаш егілді деген сөз қандай орынды болса, жаратылыс ағашының жемісі болған Мұхаммед (с.ғ.с.) үшін де «Әлем Мұхаммед үшін жаратылды» делінсе, сондай орынды болмақ.
Бұған қоса ол (с.ғ.с.) бүкіл адамзаттың имамы болғандықтан, адам баласының атынан «әлем Мұхаммед үшін жаратылды» делінсе, шариғатқа да, ақиқатқа да қайшы емес.
Мұндай сөздің ақиқаттығының тағы бір дәлелі, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар мына әлемнің теңдессіз ұлы ұстазы. Мұхаммед (с.ғ.с.) адамзатқа мына ғалам атты алып кітапты дұрыс оқуды үйретті. Ғаламның бостан-босқа жаратылмағандығын, ондағы әрбір нәрсенің Ұлы Жаратушыдан сыр шертетін әсем де терең мағыналы кітап екенін түсіндірді. Яғни, мына ғалам осы Ұлы Ұстаздың (с.ғ.с.) арқасында түсінікті алып кітапқа айналды. Егер Ол (с.ғ.с.) келмегенде, ғалам атты бұл алып кітап түсініксіз күйде қалар еді. Ал ондай түсініксіз, иесінен хабар бермейтін мағынасыз кітаптың қажетсіз екені айтпаса да түсінікті. Ендеше, ғалам атты алып кітапты түсінікті кітапқа айналдырған ұлы ұстаз үшін «Мұхаммед болмағанда, мына әлем жаратылмас» еді деудің қандай терең мәнді сөз екенін ұғарсың.
Жоғарыдағы сұраққа ұқсас сауалға Ибн Тәймия өзінің «Мәжмуъату фәтауа» кітабында былай деп жауап берген: «Мұхаммед (с.ғ.с.) Адамзаттың мырзасы, күллі жаратылыстың ең абзалы, әрі ең ардақтысы болғандықтан «күллі ғалам Мұхаммед (с.ғ.с.) үшін жаратылды. Немесе, егер Мұхаммед (с.ғ.с.) болмағанда, Алла тағала Аршты да, Күрсіні де, аспан мен жерді де, ай мен күнді де жаратпас еді» делінген. Бірақ, мұндай сөз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахих болсын, тіпті әлсіз болсын хадисі емес.2 Ешбір білім иесі мұндай сөзді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисі деп жеткізбеген. Сахабалардың да мұндай сөз айтқаны жайлы мағлұмат жоқ. Тіпті, бұл сөзді кім айтқаны да белгісіз. Бірақ, мұндай сөзді Алла тағаланың мына аяттары секілді дұрыс қырынан түсіндіруге болады: «Жердегі және көктегі бар нәрсені сендер үшін жаратты» немесе «Алланың әмірімен кеменің теңізде жүзуі үшін оны сендерге бағындырды. Өзендерді пайдалану үшін сендердің қызметтеріңе ұсынды. Жүйелі түрде жүретін күн мен айды, әрі күндіз бен түнді сендер үшін сыйлады. Сұраған нәрселеріңнің бәрін берді. Егер Алла тағаланың сендерге берген нығметтерін санасаңдар, санап тауса алмайсыңдар».3 Осыған ұқсас аяттарда Алла тағала жаратылысты Адам баласы үшін жаратқандығын түсіндіреді. Бірақ, Алла тағаланың жара-тылыстарда мұнан басқа, тіпті бұл мақсаттардан да жоғары өзге хикметтері бар екені белгілі. Дегенмен, бұл жерде Алла тағала адам баласына берген өзінің нығметтері мен бұл жаратылыстардағы пайдаларды түсіндіруде.
Егер, «бұл іс мынандай мақсатта жасалынды» делінсе, мұндай сөз ол істің басқа мақсаттар үшін де жасалуына бөгет емес. Дәл осы тәрізді «мынау болмағанда, мұны жаратпас еді» делінген сөз де оның одан да үлкен хикметтер мен мағыналар үшін жаратылуына бөгет емес. Тіпті, адам ұрпақтарының арасындағы ізгі кісілердің ең кемелі Мұхаммед (с.ғ.с.) болғандықтан, және Оның (с.ғ.с.) жаратылуы негізгі мақсат және басқа жаратылыстардан да жоғары хикметке саналғандықтан, Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы жаратылыстың шыңы және кемелдіктің ең жоғары деңгейі жүзеге асты».4
Иә, Ибн Тәймия «Ғалам Мұхаммед (с.ғ.с.) үшін жаратылды» делінген сөздің әлемнің басқа да мақсаттар үшін жаратылуына бөгет емес екенін білдіреді. Сондай-ақ, ғаламның жаратылуындағы негізгі мақсаттың кемел деңгейде Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы жүзеге асқандығын, сондықтан «Ғалам Мұхаммед үшін жаратылды» делінген сөзді дұрыс қырынан түсінуге болатындығын алға тартады.
Қысқасы, мұндай сөздердің астары мен мәніне терең бойламай жатып, «қате» деп асығыс үкім беру – көп жағдайда мұсылмандар арасында бүлікке, діни дүрдараздыққа себеп болады. Сондықтан, парасатты мұсылман мұндай мәселелерде әрдайым байып сақтап, ислам ғұламаларының пікіріне жүгінгені жөн.
Қайрат Жолдыбайұлы
СІЛТЕМЕЛЕР:
1 «Талақ» сүресі, 12-аят.
2 Ибн Тәймияның бұл жайлы сахих те, әлсіз де хадис жоқ деуі – бұл жайлы хадистердің сол кезде есіне түспегендігінен, ойына оралмағандығынан болуы мүмкін. Әйтпесе, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «…Мұхаммед болмағанда, Адамды да жұмақ пен тозақты да жаратпас едім…»– делінген хадисі бар. (Мухаммад ибн Абдиллаһ Әбу Абдиллаһ әл-Хаким ән-Найсубури (321-405 ж), әл-Мустадрак алас-сахихайн, 2-том, 671-бет. «Дарул-кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут, 1-ші басылым. 1990 ж.
Бұл хадистің дәрежесі жайлы хадис саласының білгір ғалымдары арасында «сахих», «әлсіз», «ойдан шығарылған» сияқты түрлі қайшы пікір бар. Бұл хадистің жету жолдарына байланысты пікірлері. Ал мәтіні мен мағынасы жоғарыда түсіндіргеніміздей дұрыс.
3 «Ибраһим» сүресі, 32-34 аят.
4 Ибн Тәймия, Мәжмуъату фәтаауаа, 6-том, 57-бет. «мәк-табатул-ъабикан» баспасы, Риад қаласы, 1998 ж.