Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Нұрматұлының тапсырмасына сәйкес, «Жастар ісі» секторының жұмысы аясында Қаратау ауданына қарасты «Ислам Нұры» мешітінің имамы Қарабаев Дінисламның ұйымдастыруымен аудан мешіттеріндегі діни сауат ашу курстарының шәкірттері арасында қасиетті Құран Кәрімнің 30-парасы бойынша білім сайысы өтті.
Рухани шараға Шымкент қаласының бас имамының орынбасары Мұсабек қажы Ақтамбердіұлы мен Қаратау аудандық «Байғұт баба» мешітінің наиб имамы Мұрат Таубайұлы арнайы қатысып, сайыстың ашылу салтанатында ізгі тілектерін білдірді. Сонымен қатар шәкірттерге Құран үйренудің артықшылықтары мен қасиетті Кітапты оқып, жаттаудың сауабы жөнінде тағылымды насихат айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайыстың әділ әрі жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ету мақсатында қазылар алқасының құрамына Шымкент қаласы бойынша «Жастар ісі» секторының жауаптысы Әзімбек Қарабеков ұстаз, Еңбекші ауданы «Тәжібай ата» мешітінің имамы Ербол Шырынхан ұстаз және Арыс қаласындағы «Тәукехан» қарилар дайындау орталығының директоры Берік Үйсінбаев ұстаз енді.
Қасиетті Құранға арналған білім додасына барлығы 20 шәкірт қатысып, өзара бақ сынады. Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
🥇 І орын – Мақсатұлы Абдулла («Ислам Нұры» мешітінің шәкірті);
🥈 ІІ орын – Төрегелді Абдулазиз («Әл-Бақи» мешітінің шәкірті);
🥉 ІІІ орын – Кенжебекұлы Дінмұхаммед («Ислам Нұры» мешітінің шәкірті).
Ал өзге қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталып, олардың білімге деген құлшынысы мен ізденісіне қолдау көрсетілді.
Ізгі шара соңында қатысушыларға арнайы дастархан жайылып, демеушілердің марқұм болған жақындарының рухына Құран бағышталып, дұға жасалды.
Мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақтың Құранға деген сүйіспеншілігін арттырып, діни білімге ынтасын оятуға, сондай-ақ ізгілік пен рухани құндылықтарды бойына сіңірген саналы ұрпақ тәрбиелеуге зор үлес қосады.
Алла Тағала қасиетті Құранды шәкірттердің жүрегіне нұр, өміріне өнеге етіп, ілім жолындағы қадамдарына береке нәсіп етсін!














