Отырар ауданында «Ақылдастар алқасының» аудандық кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжілісте ҚМДБ ОҚО бас мешіті жанынан құрылған «Ақылдастар алқасы» мен облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген мәжілісінде қабылданған «Ұлттық салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау мәселелері» атты үндеуді талқылау және халыққа жеткізу мәселелері қаралды
Аталған жиынға ОҚО бас имамы Бақтыбай қажы Бейсенбаев, облыстық дін басқармасының басшысы Самат Сапарбаев, Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов, «Ақылдастар алқасы» мүшелері, ауыл округ әкімдері мен имамдар, ардагерлер кеңесінің төрағалары, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, жастар қатысты
Мәжілісте облыстық дін басқармасының басшысы Самат Сапарбаев Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов, мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық «Ақылдастар алқасының» мүшесі Шалатай Мырзахметовтер ҚМДБ ОҚО өкілдігі құрған ОҚО халқына арнаған Үндеуіне тоқталып, баяндама жасады.
Баяндамашылар қаралы үйде ысырапшылыққа жол бермеу мәселесінде кеңінен сөз болды.
Жарыссөзге шыққан аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мырзахмет Темірбеков, Қазақстанның халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова және Әжелер алқасының төрайымы Күлзейнет Әлмешовалар ұлттық сана мен салт-дәстүріміз жайлы ойларын айтып, мұндай жиындарды кең көлемде өткізсек деген ұсыныстарын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Ерлан Айтаханов «Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кеткен. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес» деп, барша қазақстандықтарды ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалануға шақырған.
Ұлттың рухын жаңғыртудың сара жолы сол құндылықтарды ғұмырлы етуден басталмақ» деп, кездесуде пікір алмасуға келіп отырған барша азаматтарға алғысын білдірді.
ОҚО Орталық мешітінің баспасөз қызметі