Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Тәжібай ата мешітінің ұйымдастыруымен ,
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір жолын тереңірек таныту, сира іліміне деген қызығушылықты арттыру, қатысушылардың діни-тарихи білімдерін жетілдіру мақсатында «Нұрлы тарих ізімен» атты танымдық сира сайысы өткізілді.
Сайыс барысында қатысушылар топтарға бөлініп, пайғамбарлар тарихы, Ибраһим пайғамбардың (а.с.) өмірі, Сара мен Һәжар аналарымыз, Исмаил мен Исхақ пайғамбарлар (а.с.), Қағбаның тарихы, Меккедегі исламға дейінгі кезең және Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) дүниеге келуі туралы сұрақтарға жауап берді.
Танымдық сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар сұрақ-жауап, сәйкестендіру және кроссворд шешу тапсырмалары арқылы өз білімдері мен тапқырлықтарын сынады. Әр топ ұйымшылдық пен белсенділік танытып, өзара білім жарыстырды.
Іс-шара соңында үздік нәтиже көрсеткен топтар «Тарих білгірлері», «Зерек топ» номинацияларымен марапатталды.
Сайыс қатысушыларға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмір жолын тереңірек тануға, тарихи оқиғалардан ғибрат алуға және сира іліміне деген сүйіспеншіліктерін арттыруға мүмкіндік берді.
Нұрлы сира жолы – жүрекке өнеге, өмірге бағдар!










