ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ІЗГІЛІК!

Бүгін КМДБ-ның Шымкент қаласы Еңбекші ауданына қарасты «Ар-Рақиб» мешітінде қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты аналарға және мұқтаж отбасыларға азық-түлік үлестірілді.

Бұл – жүректерге жылулық сыйлап, үмітке қанат бітіретін, адамгершілік пен бауырмалдықтың жарқын көрінісі. Өйткені қайырымдылық – тек көмек қолын созу ғана емес, ол – біреудің көңіліне қуаныш ұялату, қиындық көрген жанға демеу болу, мұқтаждың мұңын жеңілдету.

Осы игі істің жүзеге асуына демеушілік жасап, мейірімділік танытқан Әжелер мектебінің өкілі Қалдықүл апамызға шынайы алғысымызды білдіреміз! Алла Тағала ниетіңізді қабыл етіп, жасаған жақсылығыңызды еселеп қайтарсын! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, ғұмырыңызға береке берсін!

Қайырымдылық шарасы барысында мешіт имамы Ержігіт Мамытұлы жамағатқа тағылымды насихат айтып, қайырымдылық жасаудың маңыздылығы мен сауабы жөнінде түсіндірді. Мұқтаж жандарға қол ұшын созудың, жетім-жесірге қамқор болудың, жақсылық жасаудың Алла алдындағы қадір-қасиетін атап өтті. Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайтынын, шынайы ниетпен жасалған әрбір игі амалдың сауабы мол екенін жеткізді.

Қасиетті дінімізде қайырымдылық пен мейірімділікке ерекше мән беріледі. Кейде бір дорба азық-түлік бір отбасының дастарқанын толтырып қана қоймай, көңіліне қуаныш, жүрегіне үміт сыйлайды. Осындай ізгі істер қоғамдағы бауырмалдықты арттырып, адамдарды бір-біріне жақындата түседі.

Жақсылық жасау – жүректің байлығы, қайырымдылық – иманның көрінісі. Берген қолдың берекесі артып, жасаған жақсылықтың сауабы мол болсын!

Алла Тағала осы шараға атсалысқан барша жанның ниетін қабыл етіп, елімізге тыныштық, халқымызға амандық, әр шаңыраққа бақ-береке нәсіп етсін! Мұқтаж жандардың қатары азайып, әрбір отбасы мейірім мен қамқорлыққа бөленсін!

Қайырымдылық қылудан шаршамайық, жақсылық жасаудан жаңылмайық! 🤲

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38