Шымкент қаласы, Абай ауданына қарасты «Насруддин» мешітінде ерекше рухани маңызы зор мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиын мешіт шәкірттерінің жарты жылдық шәкірттік кезеңнен өтіп, қасиетті Құран Кәрімді оқуға көшуіне (Құранға түсуіне) орайластырылды.

«Жүрегімнің тәжі – Құран» деп аталған бұл кешке мешіт жамағаты мен арнайы шақырылған 80 қонақ,   шәкірттер әйелдер жамағаты жалпы саны 120-ға жуық адам қатысты. «Жақсының нұры жауады» демекші, бұл жиын жай ғана есеп беру емес, жүректерді иман нұрымен сусындатқан нағыз рухани мереке болды.

Бағдарлама барысында мешіттің Бас имамы ғибратты уағыз айтып, шәкірттерге өз қолымен алғыс хаттар табыстады. Сондай-ақ, Әйел-қыздар секторының басшысы Балжан Досжанова мен қари Зоя Жекейхан шәкірттер мен аналарға арнап жүрекжарды насихаттарын айтты. Ұстаздар өз сөзінде Құран үйренудің қадірі мен екі дүниедегі шапағаты туралы айта келе, шәкірттердің алғашқы қадамына береке тіледі.

Шара барысында 30 шәкірт өз білімдерін паш етіп, қасиетті Құраннан 3  Хатымның дұғасын оқыды. Шәкірттер дайындаған иләһи әндер, мағыналы көріністер мен ұлағатты тақпақтар жиналғандарды тебірентті. Талпынысы жоғары шәкірттерге қасиетті Құран кітаптары мен рухани құндылығы жоғары «Дәләлул-Хайрат» кітаптары сыйға тартылды. Бұл сыйлықтар шәкірттер үшін жай ғана кітап емес, білім жолындағы алғашқы асудың нышаны әрі өмірлік серігі іспеттес болды.

Мерекелік кеш тек шәкірттермен шектелмей, келген қонақтардың да белсенділігімен жалғасты. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) өмірбаянына қатысты викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар үлестірілді. Сондай-ақ, «сандар сиқыры» ұтысы арқылы 26 қонаққа бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Кештің көркін қазақы салт-дәстүріміз де аша түсті: жиналғандар «Тойбастар» мен «Зәм-зәм» суымен қарсы алынып, жайылған ақ дастархан басында 4 бүлдіршіннің (2 ұл, 2 қыз) тұсауы кесілді. Қасиетті орында, Құран оқылған жерде басталған бүлдіршіндердің бұл қадамы — ұлтымыздың діні мен дәстүрінің сабақтастығын көрсеткендей әсерлі сәт болды. Аналарымыздың отбасы мүшелері мешітке гүл шоқтарын тарту етіп, кештің шырайын келтірді.

Шара соңында қонақтар бұл мешіттің өзіндік жылы атмосферасы мен ерекше тазалығын атап өтіп, Алланың үйіне жиі келуге ниетті екендіктерін білдірді. «Мешіт — мүміннің жәннаты» екенін сезінген көпшілік бұл кештен үлкен рухани азық алып қайтты. Шындығында, Құран оқылған жерге нұр жауады, ал білімге ұмтылған жүректерге тыныштық ұялайды. Бұл рухани кеш әрбір қатысушының көңілінде өшпес із қалдырып, иманның нұрын арттырды.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38