2026 жылдың 26 қаңтарында Ақмешіт Орталық мешітінде рухани-мәдени бағыттағы маңызды шара — «КЕРБЕЗІМ» кітап клубының ашылу салтанаты өтті. Бұл игі бастама кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруды, әдеби талғамды қалыптастыруды және қыз-келіншектердің рухани дамуына үлес қосуды мақсат етеді.
Салтанатты кеш барысында кітап клубының ашылу мақсаты жан-жақты таныстырылып, әдеби шығармалардың тәрбиелік мәні кеңінен сөз болды. Бағдарлама аясында қазақ әдебиетінің көрнекті туындыларының бірі — «Сүйекші» повесі жайлы мазмұнды ақпарат беріліп, сонымен қатар «Аққулар ұйықтағанда» және «Жетім монологы» шығармаларынан әсерлі көріністер қойылды. Көріністер көрерменнің көңілінен шығып, әдебиеттің терең ойы мен адам жанына әсер ететін қуатын айқын көрсетті.
Шара барысында әйел-қыздар секторының жетекшісі Досжанова Балжан ұстаз сөз сөйлеп, кітап оқудың қоғамдағы маңызына тоқталды. Ұстаз клубтың лентасын салтанатты түрде қиып, жаңа бастамаға ақ жол тіледі.
Кештің безендірілуі де тақырыпқа сай ерекше нақышта ұйымдастырылып, жылы әрі рухани атмосфера қалыптастырды. Қатысушылар кештен үлкен әсер алып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Бағдарлама соңында «КЕРБЕЗІМ» кітап клубының негізін қалаушы Аманбай Амина Өсімханқызы сөз сөйлеп, шараға атсалысқан барша ұйымдастырушылар мен қонақтарға алғысын білдірді. Ол алдағы уақытта клуб аясында түрлі әдеби кездесулер мен тағылымды басқосулар өтетінін атап өтті.
Айта кету керек, «КЕРБЕЗІМ» кітап клубының ашылуы — рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Бұл бастама алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, кітапсүйер қауым үшін пайдалы алаңға айналары сөзсіз.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі
















