Кеше, Мақтарал ауданы, Атакент кентінде орналасқан «Мырзақұл ата» мешітінің имамы Шындаулиев Уалихан өңірдегі Оспан Бапышев және Бірлік атындағы жалпы орта мектептерінде «Ұстаз ұлағаты», «Діни тұрақтылық – ел дамуының кепілі» тақырыптарында оқушылармен кездесу өткізді. Кездесуге 9-11 сынып оқушылары, мектеп мұғалімдеріменен директоры қатысты. Ең әуелі имам Уалихан Сүпиянұлы Ислам дініндегі ұстаз орнының ерекшелігін атап өтіп, «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла» – деп дана халқымыздың бекер айтпағандығын дәлелдей түсті. Сонымен бірге, жас кезде екі нәрсенің қадіріне жете білу керектігі: ол – денсаулық және бос уақыт екендігін айтып, қылшылдаған жастық шақты дұрыс тәрбиемен өткерсе, болашақта міндетті түрде жемісін жейтіндігін айтып, жас жеткіншектерді білім алуға, туып-өскен Отанын қолдап-қорғауға шақырды. Және де халықтың арасында іріткі тудыру – ең ауыр күнәлардан екендігін аят-хадистермен дәлелдеп, халық арасында бүлік тудырудан аулақ болу керектігін де айтты. Жиынға қатысушылар діни тұрғыда біршама сауалнамалар жүргізіп, ұтымды жауап алды.
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі