2025 жылы Ақмешіт мешітінде 16 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай
«Тарихқа құрмет – ұрпаққа міндет» атты тағылымды іс-шара өтті.
 
Аталған рухани-танымдық кеште мешіт шәкірттерімен бірге қазақ халқының 1991 жылы Тәуелсіздік алғанға дейінгі қилы да қасіретті, сонымен қатар тағдырлы кезеңдері сахналық көріністер арқылы бейнеленді.
 
Іс-шара 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінен басталды.
Отан басына күн туып, ел қақаған аязда босқынға айналған ауыр заман көрініс тапты.
«Елім-ай» әнінің сүйемелдеуімен 20 шәкірт шұбырындыға түскен халықтың зары мен қайғысын сахнада шынайы жеткізе білді.
 
Келесі сахнада 1930–1933 жылдардағы ашаршылық кезеңі қойылды.
Қазақ халқы аштықтың азабын тартып, тірі қалу үшін адам төзгісіз жағдайға түскен, тіпті каннибализмге дейін барған қасіретті жылдар көрініс арқылы көрсетілді. Бұл қойылым көрерменге сол заманның қаншалықты ауыр болғанын терең сезіндірді.
 
Одан кейін қақаған аязда баласын аман алып қалу үшін анасының жүрек жұтқан шешімі —
ұрпақ жалғастыру үшін ұлын алып қалып, қызын қасқырларға тастауға мәжбүр болған трагедиялық сахна қойылды. Бұл көрініс аналық махаббат пен заманның қатыгездігін айқын көрсетті.
 
1938 жылғы АЛЖИР лагері тақырыбындағы сахнада
ұлт зиялыларының жазықсыз қамалып, олардың әйелдері мен балаларының азап шеккені бейнеленді.
Ананың баласынан айырылғандағы зары мен өкпесі монолог арқылы әсерлі жеткізілді.
 
Келесі көрініс 1986 жылғы 16 желтоқсан — Желтоқсан көтерілісіне арналды.
Жастардың ел еркіндігі үшін жанын пида еткен ерлігі сахнада жаңғырды.
 
Іс-шараның соңғы сахнасында 1991 жылғы Тәуелсіздікке қол жеткізген тарихи сәт бейнеленді.
Хор орындалып, екі монолог оқылды.
«Желтоқсан желі ызғарлы…» деп басталатын жүрек тебірентер сөздер айтылып,
тәуелсіздік жолында қаза тапқан боздақтардың рухына бір минут үнсіздік жарияланды.
 
Іс-шара соңында белсене қатысқан 20 шәкіртке алғыс хаттар табысталды.
 
Бұл тағылымды кеш — тарихты ұмытпай, еркіндіктің қадірін ұғындыруға, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухты сіңіруге бағытталған маңызды іс-шара болды.
 
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38