Шымкент қаласы, Еңбекші ауданына қарасты Исамиддин баба мешітінде Тәуелсіздік құрбандарын еске алуға арналған тағылымды рухани кеш өтті. Шара мешіттің әйелдер жамағатының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өткізілді.
 
Кеш барысында мешіттің бас имамы Орын Ербосынның бастауымен және аудан имамдарының қатысуымен еліміздің тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен боздақтардың рухына арнап Құран Хатм дұғасы оқылды. Бұл дұға — ел үшін еңіреп өткен ерлерге деген құрмет пен тағзымның айқын көрінісі болды.
 
Шараның салтанатты бөлімінде Тәуелсіздіктің символы — Мемлекеттік Әнұран шырқалып, ұлттық рухты көтеретін домбырамен орындалған күйлер мен слайдтық көрсетілім көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
 
Сонымен қатар, Шымкент қалалық Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Досжанова Балжан ұстаз жиналған жамағатқа елдік, бірлік, отаншылдық тақырыптарында уағыз-насихат айтып, тәуелсіздіктің қадірін ұғындырды.
 
Кеш соңында мешіт жанындағы Әжелер мектебінің басшысы Ахметова Тәжіхан апамыздың ақ батасымен шара қорытындыланып, жамағат рухани әсермен тарқасты.
 
Бұл тағылымды кеш — өткенге тағзым, бүгінге шүкір, келер ұрпаққа өнеге боларлық рухани жиын ретінде көпшіліктің жүрегінен орын алды.
 
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
 
 
 
 
 

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38