Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Нұрматұлының тапсырмасымен, “Зекет және қайырымдылық қоры” және Шымкент қалалық “Әжелер Мектебінің ұйымдастырумен Еңбекші ауданына қарасты “Рахмет саған, анашым” мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қоғамға бейімдеу орталығының балаларына арнап қайырымдылық іс-шарасы өтті.
Қайрымдылық шарасының аясында 20 балаға түрлі сыйлықтар тарту етіліп, азық-түлік үлестіріліп арнайы дастархан жайылды. Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Нұрматұлы шараға арнайы қатысып, «Расында, мейірім Пайғамбарының (с.ғ.с.) өмірін зерттегенде, оның адамдармен, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандармен қарым-қатынасында тақуалық сипат алғанын көреміз. Алла Елшісі (с.ғ.с.) мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамның ажырамас бөлігі ретінде қарады. Ол олардың барлық қол жетімді мүмкіндіктер мен құқықтарды пайдалана алуы үшін үлкен сезімталдық көрсетті. Оларға ерекше қамқорлық жасап, тапсырмалар беріп, қолдау көрсеткендерді мақтап, көптеген сауаптар туралы сүйінші хабарлаған.», – деді. Сондай-ақ, шараға Шымкент қаласының “Әжелер мектебінің” әжелері мен қала имамдары да қатысты.
ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі




































