Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән, Оның Пайғамбары Мұхаммедке салауаттар мен сәлемдер болсын!

Құрметті отандастар!

Баршаңызды егемен еліміздің басты әрі ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасыға бірлік пен береке, қуаныш пен мереке тілеймін!
Республика күні – рухымызды көтеріп, егемен елдің еңсесін тіктейтін сәт. Бұл уақытта өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеудің маңызы зор. Өйткені егемендік – ел үшін жанын берген ерлердің ерлігімен келген ұлы күн. Оны бүгінгі ұрпақ ұмытпауға тиіс.

«Егемен болмай, ел болмас» дегендей, Егемендік туралы декларация тәуелсіздігіміздің бастауы болды. Осыдан 35 жыл бұрын, 1990 жылғы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы декларация қабылданды.
Осы күні Қазақ КСР-інің егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді.

Биылғы 2025 жылы аталмыш декларацияның қабылданғанына 35 жыл толады. Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы декларация мемлекетіміз үшін маңызы зор. Себебі осы бір маңызды құжат еліміздің азаттық алуына жол ашып, халқымыз мемлекет құру жолындағы тарихи қадамын жасады. «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» заң қабылданғаннан кейін Қазақстан әлемдік қоғамдастық мойындаған тәуелсіз мемлекет мәртебесіне ие болды.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін берді. Міне, содан бері біз Республика күнін тойлап келеміз. Биыл бұл күн елімізде ұлттық мереке ретінде төртінші рет аталып өтеді. Атаулы күнге орай еліміздің түкпір-түкпірінде бірқатар мерекелік іс-шаралар өткізу көзделіп отыр. Бұл игі бастамалар жас буын өкілдерін отаншылдыққа баулиды.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті хадис-шарифінде Меккені меңзеп: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің…» – деп, өзінің туған жеріне айрықша сезімі мен сүйіспеншілігін білдірген. Өйткені Ислам – тек құлшылыққа негізделген дін емес. Асыл дініміз Отанды қорғап, елді сүюге, бейбіт, ізгі қоғам құруға, салт-дәстүрді құрметтеуге үндейді. Отаншыл адам сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі-өнеге болуы тиіс. Осы ретте Әйтеке би бабамыздың: «Өмірім – халықтікі…» деген нақыл сөзінің тәрбиелік мәні зор.

Егемен еліміздің болашағы жарқын, тәуелсіздігіміз баянды болғай. Алаш жұртының алға қойған мақсаты орындалғай.
Республика күні құтты болсын!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38