Еңбекші ауданы «Тура жол» мешітінде әйел-қыздар жамағатына «Құмар ойындарының зардабы» тақырыбында семинар болып өтті.
Конференцияға спикер ретінде шақырылған Полат ұстаз Амраев сөзді әуелі Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауатпен бастап, соң қатысушыларға заманымыздың үлкен дерттерінен біріне айналған құмар ойындарының адам өміріне келтірер зияндары жайлы сөз қозғады.
Ия, адам баласын екі дүниеде де зиянға ұшыратып, бақытсыздыққа душар ететін рухани дерттердің бірі – құмар ойнау. Алла Тағала қасиетті Құранда құмар ойынға тыйым салып, былай деп ескертеді:
*«Уа, иман келтіргендер, арақ-шарап, құмар, табынуға арналған пұттар және жебелермен бал ашу шайтанның амалы саналатын лас істер. Ендеше одан аулақ болыңдар. Мүмкін, құтыларсыңдар».*(«Мәйда» сүресі, 90-аят).
Қазіргі таңда «лудомания» термині тектелген бұл індет жаңа қоғамның дертіне айналды. Олар қатарына қазіргі күндегі түрлі спорттық ойындарға онлайн-офлайн ақша тігіп бәстесу, әртүрлі азарттық ойын-сауық автоматтық аппараттары, әуелден дінімізде тыйым салынған түрлі азарттық ойындар және т.б. кіреді.
Бұлардың қоғамға тиер зардаптары үлкен:
1. Құмар ойынға тәуелділік отбасының шырқын бұзып, елдің берекетін кетіреді, қоғамды құлдыратады;
2. Адамның уақытын, мал-дүниесін зая кетіріп, қарызға батырады;
3. Экономикаға кері әсерін береді, адамның өмірін тек иллюзиямен шектейді;
4. Бойын жалқаулыққа, масылдыққа, жауапсыздыққа үйретіп, ақша үшін арын, намысын сататын төмен дәрежеге түсіреді;
5. Жеке тұлғаның жүйкесін тоздырып, тіпті өзіне қол жұмсауға (суицидке) дейін алып барады.
6. Құмар ойыннан ұтылған адамның өзінің серіктеріне деген көреалмаушылығы, кекшілдігі артады. Осылайша араларында дұшпандық пайда болып, бірін-бірі өлтіруге дейін барады. Құмар ойыны арқылы тапқан ақша біреудің ақысын жеу болып саналады және адал болмайды.
Аталмыш конференцияда тағы бұдан бөлек әйелдер үшін басқа да тақырыптар біраз қозғалды, ал бұл рухани жиынымыздың және де жақсы деңгейде өтуіне ықпал етті.
Асыл дінімізге Алла жолында қызмет етіп жатқан ардақты ұстаздарымызға өз алғыстарымызды білдіреміз.



