Астана қаласындағы Республикалық Бас мешітте өтіп жатқан ІІ Халықаралық Құран жарысының ашылу рәсімінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы баяндама жасады.
Өз сөзінде Бас мүфти Құран жарысының рухани мәні мен маңыздылығына тоқталып, байқаудың басты мақсатын атап өтті.
«Бүгін қазақ топырағында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне және Діни басқарманың 35 жылдығына орай осымен екінші рет халықаралық Құран жарысы өткізіліп отыр. Мұндағы мақсатымыз – бабалар аманатына берік болу, Құран құндылықтарын әлемдік деңгейде дәріптеу, қасиетті кітабымызға құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ Бас мүфти Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Құранды қорғауға қатысты айтқан мәлімдемесін мысалға келтіріп, бұл бастаманың жаһандық деңгейдегі маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 78-сессиясында қасиетті кітабымыз Құранды құқықтық тұрғыдан қорғау қажеттігін көтеріп: “Қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс”, – деген еді», – деп атап өтті Бас мүфти.
Халықаралық шараға мемлекеттік билік өкілдері, мұсылман елдерінің елшілері, елордалық зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ өңірлерден келген өкіл имамдар мен дін саласының беделді тұлғалары қатысты.









