Adamzat Paigambarga MuktajBa

Adamzat Paigambarga MuktajBa

Адам баласы еркін жаратылған жаратылыс. Яғни, ол қалағанын сөйлеп, қалаған ісін жүзеге асыра алады. Сонымен қатар, адам қоғаммен тығыз байланыста, ал оларды бірімен бірі байланыстырушы құралдар жетерлік. Адамзатқа таңдау еркі, яғни жәннаттық болуы не болмаса тозаққа апаратын амалдарды жасау еркі берілгендіктен, бұл дүниеде көптеген сынақтарға жолығады.

Бір шетінен, адам баласы өн бойына барлық жаратылысқа тән қасиеттерді жинай білген. Адам тас секілді қатты, мақтадай жұмсақ, түлкідей қу, кейде тіпті, жыртқыш секілді қаныпезер де бола алады. Сондықтан адам секілді ерік күші өзіне берілген әрі жақсылықты да, жамандықты да қатар жасай алатын жаратылысқа жол көрсетіп, жөн сілтеуші ауадай қажет.

Адам ойына келген барлық сұрақтардың жауабын үнемі біле бермесі анық. Мәселен, мына ғаламды жаратқан кім? Адам баласының бұл дүниеге келгендегі мақсаты не? Өлімнен кейін не күтіп тұр? Адамның ақыл-ойы метафизика саласында әлсіз болғандықтан оған жол көрсетіп, жөн сілтеуші қажет. Ол, әрине пайғамбар болмақ.

Пайғамбар – Алла разы болған адам. Ол өзінің соңынан ерген кез келген жан ақиқатқа қол жеткізіп әрі тура жол табатын дара тұлға болып табылады. Пайғамбарға тән ерекшелік күнә атаулыдан пәктік. Яғни, ол адам Алла Тағала разы болмайтын сөзді де, амалды да жасаудан аулақ жан. Ол адамның әрбір сөзі, істеген ісі мен амалы ақиқат жолының шамшырағы болып табылады. Пайғамбарлар адамдарға тек ақиқатты, шындықты және әдемілікті әмір етеді.

Екінші жағынан алып қарайтын болсақ, бұл жалғанда адамның басына түскен сынақтар әділ жолмен беріледі. Сондықтан да Алла Тағала Құранда:

«…Біз алдын- ала (ескертуші) пайғамбар жіберместен (күнәға батқаны үшін ешкімді және ешбір қауымды) азаптамаймыз»,- деген. («Исра» сүресі, 15-аят)
Сонымен қатар, күллі жаратылыстың жаратылудағы мақсаты сан түрлі. Теңдессіз механизмге толы әлемнің жаратылуында ешбір мақсат жоқ әрі кездейсоқтық деу ақылға қонымсыз. Ғаламның жаратылудағы және бар болуындағы басты мақсат – құлдарының Раббысын тануы, Оның күш- құдіретіне тәнті болуы.

Құранда:

«Мен жындар мен адамзатты тек қана (Мені танысын һәм) Маған құлшылық етсін, деп жараттым»,- деп ашық ақиқат айтылып тұр.
Ал танып- білу мен құлшылық оқытушысыз әрі оқу құралынсыз мүмкін болмақ емес.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38