Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ОҚО бойынша өкілдігі мен облыстық «Зекет» қоры бірлесіп облыс деңгейінде «Асар» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Шара барысында Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбарсу елді мекенінде тұратын жағдайы төмен, өмір тауқыметін тартқан, көп балалы алтын құрсақты 4 отбасыға тегін зәулім үй салынды.
Салтанатты шараға арнайы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы арнайы қатысып, үйге аса мұқтаж Асанова Айгерім (5 баласы бар), Оралова Забира (7 баласы бар), Төлегенова Айнұр (5 баласы бар), Батырова Насихат (2 баласы бар) аналарға зәулім үйдің кілтін табыс етті.
Салтанатты шара кезінде «Жалпы, Діни басқарма тарапынан жыл сайын дәстүрлі түрде жағдайы төмен, көп балалы алтын құрсақты, өмір тауқыметін тартқан отбасыларға үй салып беруді қолға алудамыз. Биылғы жылы Оңтүстікте 8 үй салынды. Бұл шараларға жергілікті қолы ашық жомарт жандарды тарту арқылы жүзеге асырудамыз. Мұндай шаралар жыл сайын жалғасын табатын болады»,- деді Бас мүфти.
Бас мүфти қайырымдылық шара кезінде 4 отбасыға азық-түлік, үй жиһаздары мен өзгеде тұрмыстық қажетті заттарын сый етті.
Жалпы, әрбір отбасыға бөлінген жер телімі 8 соттық, салынған әр үйдің көлемі 120 шаршы метр. Және ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 280 мың теңгеге әр үйге қосымша жерасты құдық суы тартылды. Мұнымен қатар, 273 мың теңгеге бір шақырым жерден 15 бағана орнатылып, электр жарығы тартылды. Салынған әр жеке үйге 7 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалды.
Асыл дініміздің жан-жақты дамуына, еліміздің әлеуметін көтеруге үлес қосқан барша азаматтарға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өз ризашылығын білдіріп, жұмыстарына берке, табыс тіледі.
Бізге өз кезегімізде қоныстанған отбасыларға қоныстарыңыз құтты болсын демекпіз!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі