Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының биыл жолдаған бағдарлық баяндамасына орай, ҚМДБ-ның «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Шымкент қаласы бойынша өкілдігі «Дәстүрді теріске шығару – адасушылық» атты рухани-танымдық семинары ұйымдастырылды.
Игі шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлының атынан дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров, Қаратау аудандық мешіттің бас имамы Ербол Қалшабек, РАНТ мүшесі Дастан Желеуов, Әл-Фараби аудандық мешіттің бас имамы Ахметжан Керімбек, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің директоры, белгілі ақын Біржан Байтуов және қалалық Әкелер және әжелер мектебінің мүшелері қатысты.
Семинар барысында дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров кіріспе сөз сөйледі. Осыдан кейін, РАНТ мүшесі Дастан Желеуов «Дін мен дәстүрдің маңыздылығы» тақырыбында баяндама жасады. Қаратау аудандық мешіттің бас имамы, ұлттық спорт үйлестірушісі Ербол Тастанбекұлы «Дін мен дәстүр тағылымы» жөнінде сөз етті. ҚР Президенті жанындағы ұлттық құрылтайдың мүшесі, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің директоры, белгілі ақын Біржан Байтуов «Дәстүрдің артықшылығы мен дәстүрлі өнер мектептері» тақырыбын жан-жақты ғылыми тұрғыдан талдап, түсіндіріп берді.
Жалпы, жоғары деңгейде рухани семинар аясында қатысушылар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауапқа қанықты. Сондай-ақ, оқу ордасының ұйғарымымен осы бағытта түрлі деңгеде кездесулер мен семинар-дәрістер өткізілетін болып шешілді.
Айта кетсек, басқосу аясында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарық көрген «Бабалар ізімен Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» атты құнды еңбек таныстырылып, қатысушыларға табыс етілді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі