Ата заң күні мерекесіне орай халал өнімдерді насихаттауға бағытталған «Халал өнім – денсаулық кепілі» тақырыбында семинар өтті. Семинар Қаратау ауданы Байғұт баба мешітінде ұйымдастырылды.
Семинарға қалалық «Халал Дамудың» жауапты маманы Қазыбек Сарыбаев қатысты.
Жергілікті имамдарға арналған семинар барысында «Халал Дамудың» атқаратын қызметі мен міндеті, бағыттары, сертификаттау барысында қойылатын басты талаптардың ерекшелігі, өнімдерді лабораториялық сынақтан өткізудің тиімділігі, бақылау-қадағалау жұмыстарының жүргізілуі, шетелдік және отандық сертификатталған кәсіпорындарды қадағалаудың маңызын түсіндірді.
Шариғатымыздағы халал мен харам түсінігі, адал астың құлшылығымыз мен күнделікті өмірімізге беретін пайдасы, харамның ақыретіміз бен денсаулығымыз үшін тигізер зиянына да кеңінен тоқталып өтті. Сонымен қатар, халал өнімдер дайындау технологиясы, халал өнімдерді өндіру, өңдеу, сақтау, тасымалдау, сатуға қойылатын стандарт талаптары, рұқсат етілген және тиым салынған Е тағамдық қоспалар, халал стандарты бойынша тағамдық қызметтер ерекшелігі, шариғат және халал стандарт талаптарына сай мал сою және ет өңдеудің маңызды тұстары ашып айтылды.
Сонымен қатар имамдар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі