30 тамыз – Конституция күніне орай «Ата Заң – Тәуелсіздіктің тірегі» атты дін өкілдері арасында спорттық іс-шара өтті. Саламатты өмір салтын ту еткен имамдар, мешіт қызметкерлері кезекті рет жасыл алаңда бас қосып, ұлттық спорт ойындардан күш сынасты. Мерекелік іс-шараны Шымкент қаласы бойынша өкілдігі мен қалалық дін істері басқармасы ұйымдастырды.
Сайыстың ашылу рәсімінде қалалық дін істері басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев пен шаһар бас имамы Бақдәулет қажы Нұрматұлы имамдар арасында достықты дәріптеу, бұқаралық спортты насихаттауда осындай сайыстардың маңызы зор екенін атап өтті.
Қаладағы 94 мешіттің қызметкерлері 5 ауданға бөлініп, алдымен ұлттық спорт ойындары – арқан тарту, қол күресі, гір тасын көтеру, ләңгі тебуден сайысқа түсті. Одан әрі қарай шағын футболдан тартысты ойындар өтті. Кезекті спорттық іс-шараның жеңімпаз және жүлдегерлері бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.
Шымкент қаласының дін өкілдері әрдайым жасыл алаңда бас қосып, ұлттық спорт ойындарынан сайыстар өткізіп келеді. Бүгінгі жарысқа да барлық мешіттің қызметкерлері қатысып, белсенділік танытты.