Бүгін ҚМДБ-ның «Darhan Dala Travel» отандық туризмді дамыту және ізгі қоғам бағыты бойынша Шымкент қаласы Сайрам ауылында орналасқан «Ибрахим ата» кесенесінде «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» атты рухани-танымдық семинары өтті.
Рухани семинарға Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Нұрматұлы, Қаратау аудан әкімінің орынбасары Азамат Бұқарбайұлы, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров, РАНТ мүшесі Дастан Желеуов, Қаратау ауданының бас имамы Ербол Қалшабек және жазушы-ғалымдар, аудан имамдары мен ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Кесене аумағында тұңғыш ұйымдастырылған шараны дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров ашып, жүргізді. Осыдан кейін, Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Нұрматұлы, Қаратау аудан әкімінің орынбасары Азамат Бұқарбайұлы арнайы баяндама оқыды.
Жалпы рухани семинар барысында қазақ даласына Исламның келу тарихы, халқымыздың әдет-ғұрпы мен сал-дәстүріндегі діннің алар орны мен бабалар ұстанған шариғат парыздары мен иман негіздері, діни рәсімдер, ас беру мәдениеті т.б. өзекті тақырыптар қозғалды.
Іс-шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, ақын-жазушылар ҚМДБ-ның ізгі қоғам бағытындағы жұмыстарына жылы пікірлерін жеткізіп, ізгі ниеттерін білдірді. Басқосу барысында бабалар рухына Құран бағышталып, Бас имам арнайы дұға жасады.
Айта кетсек, Ибрахим ата түркі даласының төл перзенті, Қазақстан мен Орта Азиядағы сопылық мектебінің көрнекті өкілі, ғұлама, Ислам дінінің жанашыры әрі насихатшысы, сопылық ілімнің көрнекті ұстазы, әулие бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің әкесі. Оның туған жері – қазіргі Шымкент қаласы, Сайрам кенті. Әкесі Ибраһим ата – хазіреті Әлидің (оған Алла разы болсын) ұрпағы. Ол Исфиджабта танымал діндар кісі болса, анасы Қарашаш – Мұса шейхтың қызы. Қожа Ахмет Ясауи алғашқы сауатын жеті жасына дейін әкесінен алады. Жеті жасында әкесі қайтыс болған соң, Арыстан бабтан тәлім алады.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы
бойынша баспасөз қызметі