Шымкент қаласы Еңбекші ауданы Тура жол мешітінің әйел-қыздар бөлімінде «Адал ас жанға дауа» атты семинар өтті.
Семинарға арнайы спикер ретінде Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының «Халал Даму» ЖШС стандарттау және сертификаттау мекемесі Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің технолог-маманы Аружан Аралбай ханым шақырылып, әр мұсылман отбасының халал дастарханы қандай болуы керектігі жайлы, және де денсаулық сыр беріп, дәрілерге жүгінетін кезімізде олардың құрамына, күнделікті қолданатын тұрмыстық химия заттарының да құрамына қатты мән беру керектігі жайлы арнайы слайдтар және презентациясы арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Аружан ханым сөз басын Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін айырып көрсеткені жайлы бастап, осыған орай мемлекеттік кәсіпорындарға қалай тексеру жұмыстары жүргізілетінін, халал сертификаттары қалай берілетінін, табиғи қоспалар және доңыздан өндірілген түрлі заттардың діни және ғылыми негіздерге сүйеніп, харам не халалдығы жайлы мәлімет берді.
Тура жол мешіті ұстаздары ұжымы және семинарға қатысушы әйел-қыздар әр мұсылман білуі тиіс болған өте пайдалы бұл мағлұматтар үшін «Халал Даму» ЖШС қызметкерлеріне өз алғыстарын білдіреді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі