Қалалық қажылық бөліне жауапты өкіл Азамат қажы Әбдікерімұлы «Оңтүстік» телеарнасында «Таң нұры» бағдарламасында, сондай-ақ «Отырар» телеарналарына Қажылық және Умра сапары жайлы хабарлама жасады! 

ХАБАРЛАНДЫРУ!

Құрметті жамағат!

Исламның бес парызының бірі болған қажылық құлшылығы – Алланың құлдарына берген жақсылықтарға толы зор мүмкіншілігі. Осындай сансыз сауапқа толы ұлық сапарды ұйымдастыру, қажыларды рухани дайындау Алла Тағаланың қалауымен дін қызметкерлеріне жүктелген.

Әр жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти бастаған делегациясы мен Сауд Арабияның Қажылық және ұмра министрлігі арасында келісім-шарт жасалып, қажылық орындары алынады.

Сауд Арабиясы Қажылық және ұмра министрлігі Қазақстанға бөлген қажылық орындарын Республикалық ислами діни бірлестік болған соң Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ғана береді. Себебі қажылық ол – ғибадат. Исламдағы бес парыздың бірі. Ал, Діни басқарма өзі коммерциялық мекеме болып табылмаған соң қажылықтың техникалық жағын ұйымдастыруды талаптар мен шарттар негізінде жеке турфирмаларға береді.

Келесі 2024 жылы ресми 17 турфирма қажылыққа ниет еткен жамағатқа қызмет көрсетеді. Осы 17 қажылық фирмасының атауы мешіттегі ақпарат тақтайшасына ілінеді.

Сонымен қатар қажылық тақырыбындағы басты мәселе 2024 жылы қажылық маусымы өзгеше болады. Басты ерекшелік биыл желтоқсан айының соңына дейін 17 турфирманың біріне тіркелген азаматтар ғана қажылыққа бара алады. Себебі Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрлігінің талабы бойынша «Қажылық-2024» маусымына биыл желтоқсан айына дейін қажылар толық тіркелген елдерге қажылық орындары беріледі. Яғни, 15-20 желтоқсанға дейін қажылықтың электронды жүйесіне тіркеліп, сол жүйеден алынатын қызмет түрлеріне (қонақ үй, Мина мен Арафат қызметтері) қаражатын төлеген кісі санының көлеміне сай Қазақстан азаматтары үшін бөлінетін қажылық орындарының саны айқындалады.

Сондықтан қажылыққа ниеттенген адам аталған 17 турфирманың біріне ертерек жазылып қоюы тиіс. Әлі уақыт бар, үлгереміз деп немқұрайлы қарауға болмайды. Талап өзгеріп отыр. Қажылық бес парыздың бір құлшылығы болғандықтан, бұған сақтықпен қарап, біреудің ақысына кіріп қоюдан, жалған ақпараттардан сақ болуға шақырамыз

ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38