Арақ туралы Құранда «жасырып тұру» деген мағынаны білдіретін «хамр» деген сөзбен айтылған. Бұл сөз арақтың адам ақылын жасыратындығымен, улайтындығымен байланысты алынған. Араб тілінде әйелдердің жүзін жасырып тұратын орамал да осы сөзбен түбірлес «химар» деген атаумен аталады. Яғни «хамр» ақылды жасырып тұрса, «химар» әйелдердің жүзін жауып тұрады. Сондай-ақ қамыр ашытатын ашытқының да араб тілінде «хамира» деп аталуы тегін емес. Демек, арақтың ең әуелгі кері әсері адам ақылын алжастырып, істен шығаратындығында. Енді ойланып көріңізші, адамның бойындағы ең құнды нығметтердің бірі ақыл емес пе? Олай болса, арақ ішуші өз қолымен өз ақылын, тек ақылын ғана емес, санасын да барынша улайды. Арақкештің зинаға баруы, небір жамандыққа ұрынуы, айналасындағыларға былапыт сөз айтып, керек десеңіз дінге тіл тигізуі, қысқасы, күнә артынан күнә жасай беруі сананың улануынан туындайтын арсыз әрекеттерге жатады. Сондықтан болса керек, Ислам дінінде арақ «бүкіл жаманшылықтың анасы» болып саналады.
Құрметті мұсылман бауырлар! Қазіргі таңда бұл улы судан кәрілер де, жастар да, еркектер де, әйелдер де арыла алмай жүргеніне куәміз. Тіпті кейбір жанұялардағы ұл-қыздар әкелерінің бір күн арақ ішпей, сау келуін армандайтын жағдайға жеткені ащы да болса шындық. Әкелері көшеде құлап жатып, құрбы-құрдастарына күлкі етпесе, үйге келіп ұрыс-керіс шығарып, отбасының берекесін алмаса, бір күн болса да айқай-шусыз тыныш отырып тамақ ішсе, бейкүнә балалар үшін ең үлкен бақыт сол. Мұндай қылық – мұсылмандыққа түбегейлі қайшы. Қаншама адамдар осы тентек судың салдарынан зардап шегуде. Дініміз Исламның арақ ішуге қатаң тыйым салуы да сондықтан болса керек.
Әнәс ибн Малик (р.ғ) жеткізген хадисте былай делінген:
أَنَس بن مَالِك – رَضِيَ الله عَنْه – قَالَ : « لَعَنَ رَسُولُ اللهِ -صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ- فيِ الْخَمْرِ عَشْرَةً : عَاصِرَهَا وَمُعْتَصِرَهَا ، وَشَارِبَهَا ، وَسَاقِيَهَا ، وَحَامِلَهَا ، وَالْمَحْمُولََةَ إِلَيْهِ ، وَبَائِعَهَا ، وَمُبْتَاعَهَا ، وَوَاهِبَهَا ، وَآكِلَ ثَمَنَهَا»
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) араққа қатысты он нәрсеге лағынет айтты: жасаушыға, жасатушыға, ішкенге, ішкізгенге, көтергенге, көтерткенге, сатушыға, сатып алушыға, сыйға тартушыға, арақты сатып ақшасын пайдаланғанға» [1].
Мінеки, бұлардың бәрі де лағынеттелген істер. Ал Пайғамбарымыздың лағынеті пендені екі дүниеде де бақытсыздыққа қауыштырары сөзсіз. Сондықтан бұл аталған істерден барынша сақтануымыз керек. Әрине, қазіргі қоғаммен санаспауға тағы болмайды. Әсіресе, қазақ халқының көп күні той-томалақпен өтеді. Олардың көпшілігі арақпен өтетіні де жасырын емес. Сонда не істеу керек? Тойға шақырылған мұсылман адам қайтпек? Тойда арақ ішкендермен бірге отыру – күнәлі іс. Бармаса, туысын өкпелетіп, ағайындығына сызат түсіруі мүмкін. Біздіңше, осы тұста ниеттің алар орны ерекше. Бір мысал келтірейік. Мәселен, өзін-өзі отқа тастау – үлкен күнә. Алайда бір үйде бір ананың баласы жанып жатса, ана баласын құтқаруға әрекет жасамай тұра ала ма? Әрине, жоқ. Ол ештеңеге қарамай, баласын құтқару ниетімен отқа қойып кетері сөзсіз. Бұл ниеттегі істі күнәға жатқыза алмаймыз. Сол сияқты арақ ішіп, күнәға белшесінен батқан ортаға кейде бір ауыз болса да Құдайдың жөн сөзін айтуға тура келеді. Сондықтан тойға амалсыз барып қалған жағдайда, бірнеше адамға болса да, арақ ішкізбеуге тырысу керек. Болмаса, жоғарыдағы хадисте айтылғандай, Ардақты елшінің (с.ғ.с.) лағынетіне ұшырап қалуымыз әбден мүмкін.
Қасиетті Құранда арақ ішу шайтанның ісіне жатқызылған. Мысалы, мына бір аятта Алла тағала шайтанның бұл іске қатысы қандай екендігін баяндайды:
الشَّيْطَانُ يَعِدُكُمُ الْفَقْرَ وَيَأْمُرُكُمْ بِالْفَحْشَاءِ وَاللَّهُ يَعِدُكُمْ مَغْفِرَةً مِنْهُ وَفَضْلًا وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ
«Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады да арсыздықты әмір етеді. Ал Алла сендерге өз қасынан жарылқауды, кеңшілікті уәде етеді. Алла аса кең, толық білуші» [2].
Иә, адамның бойындағы арсыздықтардың бірі – арақ ішу. Өзіңіз ойланып көріңізші, лағынет атқыр шайтаннан тек зияндықтан басқа жақсы іс шыға ма? Әрине жоқ, өйткені, шайтан адамның айқын дұшпаны екені анық. Сондықтан ол адам баласын кедейлікпен қорқытып, дүниеқұмарлыққа қызықтырады, сондай-ақ арақ сияқты жаман әдеттерге қызықтырып, арсыздық пен ұятсыздыққа шақырады. Олай болса, ақыл-есі орнында болған адам мұндай жренішті қылықтан іргесін аулақ салуы керек.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисі арақтың жеке адамға, отбасына, қоғамға қаншалықты зиян екендігін көрсетеді:
عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ ، رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّّّّمَ : اِجْتَنِبُوا الْخَمْرَ فَإِنَّهَا مِفْتَاحُ كُلِّ شَرٍّ
«Арақтан сақтаныңдар, ол барлық жамандықтың кілті» [3]
Иә, ол расында да, бүкіл жамандықтың кілті. Арақ ішу кісіні қастық пен дұшпандыққа бастайды. Неше түрлі дұшпандықтар арақ ішіп отырып жоспарланып, арақ ішіп отырып жүзеге асады. Арақ ішу айырылмас достардың арасын алыстатып, бір-біріне жек көрсетеді. Араққа негізделген достықтың ғұмыры үнемі қысқа болатынын бәріміз көріп-біліп жүрміз. Арақ ішу Алла тағаланың мейірімінен алыстатып, ғибадатқа кедергі келтіреді. Басқаны былай қойғанда, намаздың өзін алайықшы. Намаз – бұзақылық пен жамандықтан қайтаратын, жүректі ғапылдықтан оятып, Алладан қорқу сезімін ұялататын құлшылық. Ол – сенімнің іргетасы, діннің тірегі. Олай болса, арақ ішу осы намаздан тосатын болса, бірте-бірте иманнан да жұрдай қылады. Иә, арақ сананы улап, Жаратқан Иемізді дәріптейтін иман нұрын тұмшалайды. Мас адам арсыз келеді. Арақ ішкендерде парасат, төзімділік сезімдері жоғалады. Олар кешірілмес күнәлардың, қылмыстың бәрін іркілмей жасай береді, сөйтіп күнәға белшесінен батады. Олардың сөздері өтірік пен жалған уәдеден тұрады. Арақ ішкен кісі Алла тағалаға, ата-анасына тіл тигізуден де тайынбайды. Біреудің ар-намысын аяқ асты қылып, зина жасаудан да тайсалмайды. Жиған-тергенін беталды, жөнсіз шашады. Сиықсызданып жылайды, ретсіз күледі, жас балалардың мазағына айналады, ақыры, мұндай жандар пасық күйге түседі. Ақыл-есі бүтін адамдардың бәрі де арақ ішкенді жек көреді. Міне, осылардың барлығын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Арақ – бүкіл жамандықтардың кілті» деп бір-ақ ауыз сөзге қалай сыйдырған десеңізші?!
Пайғамбарымыздың құрметті сахабаларының бірі Осман ибн Аффанның (р.а.) мынадай бір әңгімесі кітаптарда сақталған:
«Арақтан аулақ болыңдар, ол – қайғы-қасырет атаулының көзі. Сендерден бұрынғы заманда бір кісі өткен еді. Ол құлшылық-ғибадатқа беріліп, ұдайы ел-жұрттан оқшауланып жүретін. Міне, сол кісіге бір арсыз әйелдің көзі түседі. Оған күңін жіберіп, куәлік етуге шақыртады. Сөйтіп ол әлгі кісі үйге кіргенде, есіктерді іштен мықтап бекіте бастайды. Бөлмеде ұятсыз әйелдің қасында бір бала мен арақ құйылған ыдыс тұр еді. Әйел: – Ант етемін, сені куәлік ету үшін шақырған жоқпын, менімен боласың не мына баланы өлтіресің, я болмаса арақ ішесің деп шақырттым, – деп мәжбүр жағдайға душар етеді. Тығырыққа тірелген әлгі кісі көп ойланып, ақыры арақ ішіп қана құтылғанды жөн көреді. Алайда арақ ішісімен әйелмен зина жасап, баланы да қайтіп өлтіргенін байқамайды. Арақтан аулақ болыңдар, өйткені, арақ пен иман еш уақытта бірікпейді. Олар бірін-бірі ығыстырумен болады», – деді (Байһақи).
Бұлар арақтың бұл дүниедегі зияндарының бір бөлшегі ғана. Ал нағыз азап ақырет күнінде болады. Дәмі удай әрі иісі адам шыдатпайтын «Заққұм» ағашы олардың ішер асы болады, шөлге шыдамай су сұраса, қайнап жатқан, ыстықтығы бұл дүниедегі ыстық судан мың есе артық «Хамим» суынан көмейіне құйылады. Арақкештерді арғы дүниеде не күтіп тұрғаны туралы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тағы бір хадисін айта кетейік:
قَالَ رَسُولُ اللَّهِ -صلى الله عليه وسلم- « كُلُّ مُسْكِرٍ حَرَامٌ إِنَّ عَلَى اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ عَهْدًا لِمَنْ يَشْرَبُ الْمُسْكِرَ أَنْ يَسْقِيَهُ مِنْ طِينَةِ الْخَبَالِ ». قَالُوا يَا رَسُولَ اللَّهِ وَمَا طِينَةُ الْخَبَالِ قَالَ « عَرَقُ أَهْلِ النَّارِ أَوْ عُصَارَةُ أَهْلِ النَّارِ».
Алла елшісі: «Әрбір мас қылатын ішімдік – арам, мас қылатын нәрсені ішкен адамға Алланың уәде еткен «улы балшықты» ішкізетін жазасы бар» деді. «Улы балшық деген не нәрсе?» деп сұралғанда, Пайғамбарымыз: «Ол тозақ отына жанғандардың үстінен ағатын тер мен ірің» [4], – деп жауап берді.
Алла тағала барлығымызды мұндай азаптан сақтасын! Олай болса, онсыз да ананы-мынаны сылтауратып оңдырмай жатқан ғибадат-құлшылықтарымыздың тамырына арақ ішу арқылы балта шауып жүрмейік.
Дінімізде арақ ішудің үкімі – анық харам. Оны ішуші Алла тағалаға қарсы келген болады әрі құлшылықтан алыстайды, тәубеге келмейтін болса, дүние мен ақыретте Алланың лағынетіне ұшырайтыны хақ.
Ибн Хажар әл Хайсами «әз-Зауажир» атты кітабында: «Тіпті бір тамшы болса да арақ ішу, үлкен күнәлардың қатарына жатады», – деп жазыпты.
Ал енді арақ ішуге тиым салынуының тарихына қысқаша тоқтала кетсек. Алла тағала арақты бірден емес, бірнеше саты бойынша харам еткен. Алғашқыда ешқандай тиым болмағандықтан оны ішетін. Сол кезде Омар (р.а.), Мұғаз (р.а.) және басқа да кісілер Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың елшісі, бізге арақ туралы пәтуа беріңіз, өйткені ол ақылды кетіреді, еріксіз ақша шығындатады», – деді Сол кезде Алла тағаладан мына аят түсті:
يَسْأَلُونَكَ عَنِ الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ قُلْ فِيهِمَا إِثْمٌ كَبِيرٌ وَمَنَافِعُ لِلنَّاسِ وَإِثْمُهُمَا أَكْبَرُ مِن نَّفْعِهِمَا
«Олар сенен арақ, құмар туралы сұрайды. Оларға: «Екеуінде де зор күнә бар. Адамға пайдасы бола тұра, пайдасынан күнәсы үлкенірек де» [5].
Осы аяттағы «күнәсі көбірек» деген сөзге қарап бір топ адам арақ ішуді тастап кетті. Ал кейбіреулері ішулерін жалғастыра берді.
Бірде Абдурахман ибн Ауф мұсылмандардың біразын тамаққа шақырып, арақ құяды. Сол кезде ақшам намазының уақыты кіріп қалады да, араларынан біреуін имамдыққа шығарып намаз оқи бастайды. Имамдыққа шыққан адам «Кәфирун» сүресіндегі «Сендердің құлшылық қылған нәрселеріңе құлшылық қылмаймын» деп оқудың орнына мастықпен қателесіп «Сендердің құлшылық қылғандарыңа құлшылық қыламын» деп аятты қате оқыды. Осы жағдайдан кейін «Ниса» сүресіндегі араққа байланысты келесі сатыдағы тыйым аяты түсті:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَقْرَبُواْ الصَّلاَةَ وَأَنتُمْ سُكَارَى حَتَّىَ تَعْلَمُواْ مَا تَقُولُونَ
«Әй, мүміндер! Сендер мас болып, не айтқандарыңды білгенге дейін намазға жақындамаңдар» [6].
Бұл аятта намаз үстінде мас болып тұруға тиым салынды. Осы аятқа орай тағы бір топ адамдар «Біздің намаз оқуымызға кедергі жасайтын нәрседе ешқандай жақсылық жоқ» деп арақтан тыйылды. Намаз уақыттарының көбісі күндіз оқылатындықтан адамдар арақты кешкі «құптан» намазынан кейін ішетін болды. Өйткені, таң намазы кіргенше мастығы тарқап кететін.
Бірде Ғатбан ибн Малик мұсылмандарды қонақ қылады, олардың арасында Сағд ибн Аби Уаққас (р.а.) та бар еді. Олар тамақтанады, арақ ішіп әбден қызып алғаннан кейін кезектесіп өлең оқи бастайды. Сол кезде олардың бірі өз қаумын мадақтап, ансарлардың ашуына тиіп кетеді де олардың бірі түйенің жақ сүйегімен бір қойып, Сағдтың басын жарып тастайды. Сағд Пайғамбарымызға (с.ғ.с) шағымданып барғанда, Алла тағала «Мәида» сүресіндегі төртінші сатыдағы аятты түсірді де, арақ толығымен харам етілді. Бұл ақырғы бұйрықта Алла тағала:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنصَابُ وَالأَزْلاَمُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ إِنَّمَا يُرِيدُ الشَّيْطَانُ أَن يُوقِعَ بَيْنَكُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاء فِي الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ وَيَصُدَّكُمْ عَن ذِكْرِ اللّهِ وَعَنِ الصَّلاَةِ فَهَلْ أَنتُم مُّنتَهُونَ
«Әй, мүміндер! Арақ, құмар, бұттар және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. (Ақыретте ауыр азаптан) құтылу үшін одан сақтаныңдар. Негізінен шайтан, арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» [7] – деді. Осы аятты естігенде, Омар (р.а.) انتهينا يا رب «Тыйылдық, Раббым, тыйылдық» деп айтып ендігәрі мұсылмандар араққа жоламайтын болды. Сол кезде Мәдина көшелерімен бірнеше күн бойы арақ аққан екен.
Арақтың бірден емес, бірте-бірте сатылай тиым салынуының хикметі не? Негізі ол кезде арабтар арасында ішкілік ішу тым кең тарап, қандарына сіңіп қалған болатын. Айша анамыз (р.а.): «Егер ең бірінші болып араққа тиым салған аят түсер болса арабтар ислам дінін қабылдамас еді» деуі сол кездегі жағдайды нақты бейнелеуде. Олардың әдеттерін бірден тастауы оңай шаруа емес еді. Сондықтан шексіз мейірімді Алла тағала, оны харам етуді бірнеше кезеңмен жүзеге асырды. Ал енді бұл аятты естігенде, хазірет Омардың (р.а.) «біз тыйылдық» деп айтуы Алланың әміріне мұсылмандардың бойұсынуы қаншалықты терең екендігін көрсетсе керек. Біз де Құраннның тек араққа қатысты емес, басқа да кез келген бұйрығын оқығанда, дәл осылай өзіміздің мойынсұнғыштығымызды білдіруіміз керек.
Сахабалар дәуірінде де бүгін бізді мазалап жатқан жағымсыз қылықтар жетерлік еді. Әйелдердің Қасиетті қара тасты жалаңаш жүріп айналуы, пара алу, құмар ойнау және арақ ішу, жезөкшелік кең өріс алған болатын. Алайда, сахабалар мұндай ұнамсыз істердің барлығын тастап, Ислам дінін таңдаған еді. Бұл олардың қаншалықты жігерлі тұлғалар болғандығын көрсетпей ме? Осы қасиеттерінің арқасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай әрқайсысы бір жұлдыз болатын дәрежеге жеткен жоқ па еді? Бұл олардың осы дүниедегі еңбекпен жеткен мәртебесі еді. Біздер де жамандық атаулыдан барынша сақтанып, тікензарда жүргендей әр қадамымызды аңдап бассақ, нұр үстіне нұр болмас па еді?!
Олай болса, құрметті мұсылман бауырлар! Алладан қорқыңыздар, арақ ішуге Алла тағала тыйым салған. Арақ рызық-несібенің берекесін кетіреді, қорлық пен бейшаралық, тапшылық, уайым мен қайғы-қасірет алып келеді. Арақтың мінез-құлыққа, қоғамға, рухани өмірге, қаржыға, денсаулыққа тигізер кесірі өте көп. Сондықтан шайтанның сусынынан өзіміз аулақ болып, өзгені де одан тоқтатуға тырысайық. Ал бұрынырақ білместіктен бұған барған кісілер болса, Алла тағала олардың тәубесін қабыл етсін! Жаратушы Иеміз денімізді сау, бауырымызды бүтін қылғай! Әмин!
Шымкент қаласы орталық мешіті
[1] Сүнәнү ибн Мажа
[2] «Ниса» сүресі 268-аят
[3] әл-Мүстәдрак лил-Хаким
[4] Сахих әл-Мүслим
[5] «Бақара» сүресі, 219-аят
[6] «Ниса» сүресі, 43-аят
[7] «Маида» сүресі, 90, 91-аят